Мақтааралда зақымданған егістіктің 50 пайыздан астамы қалпына келтірілді
Өзбекстан көмекке өз техникаларын жіберіп жатыр

Өткен айда тасқын судан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 994 агроқұрылымға тиесілі 5695 гектар егістік жер су астында қалған болатын. Оның ішінде мақта – 3939,4 га, қауын-қарбыз – 801,2 га, жүгері – 74,75 га, жоңышқа – 22,75 га, жеміс ағашы (шабдалы) – 4 га, қырыққабат – 2,22 га және агротехникалық шаралар атқарылған егістік жерлер 850,64 гектарды құраған.
Соңғы бірнеше күнде егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп жатыр. Егін егу жұмыстарына көрші Өзбекстаннан 42 ауылшаруашылық техникасы көмекке келді. Оның ішінде 17 дана – чизель, 13 дана – дән сепкіш (сеялка), 11 дана – жүйеаралық баптағыш агрегаты (культивартор) және 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізілген.
Қазіргі таңда суы тартылған егістік жерлердің 3083 гектар қайта өңделіп, 3030,5 гектар аумаққа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, мақта – 2528,4 га, қауын – 146,25 га, жүгері – 13,8 га, күріш – 342,1 га. Алдағы уақытта тасқын судан зақымданған егістік алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.