$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.05.2025, 13:50
Қоғам

Кәмелет жасқа толмаған қызды алып қашқан жігітке кешірім берілмейді – депутат

Бұл жағдайда жәбірленушінің отбасымен татуласу да қарастырылмаған

Кәмелет жасқа толмаған қызды алып қашқан жігітке кешірім берілмейді – депутат
Фото: freepik.com

Кәмелет жасына толмаған қызды алып қашқан ер адам қылмыстық жауаптан құтыла алмайды, себебі жәбірленушінің отбасымен татуласу нормасы көзделмеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Он сегіз жасқа толмаған қызды алып қашса немесе денсаулығына зақым келтірсе, ешқандай кешірім жоқ. Кішкентай қызды алып қашқандарды қалай кешіреді?! Мемлекет оған қатаң шара қолданады», - деді Әбенов Мәжіліс кулуарында.

Ал егер қыз кәмелетке толған және алып қашу кезінде оған күш қолданылмаса, жігіт қыздан және оның туыстарынан кешірім сұрап, жәбірленуші тарап оны кешірсе, онда олар татуласа алады, деп түсіндірді депутат.

Айта кетері, бүгін Мәжіліс «некеге тұруға мәжбүрлегені үшін» қылмыстық жауапкершілік көзделген заңды екінші қабылдап, Сенатқа жолдады.

Қызды еркінен тыс алып қашқаны үшін қандай жаза беріледі 

Депутат Мұрат Әбенов пен Марат Башимовтар қыз алып қашуды Қылмыстық кодекстің 125 бабына бірінші ескертпе ретінде қосуды ұсынып отыр. Бүгін Мәжіліс кулуарында олардың әріптесі Абзал Құспан бұл ескертпенің қалай пайда болғанын және оның жазасын түсіндірді.

Баптың атауды да, мәні де өзгереді

Құспанның айтуынша, жаңа баптың атауы да, мәні де өзгереді.

«Бұл «Мәжбүрлі түрде үйлену» бабы деп аталады. Қылмыстық кодекстің 125-бабы «адам ұрлау» деп аталады. Содан бөлек 125-баптың бірінші ескертуі ретінде өз алдына бөлек қылмыстық құрам ретінде еніп отыр», - дейді Абзал Құспан.

Бұл баптың тарихы қандай еді

Депутаттың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан қыз алып қашу бабын 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодексте декриминализациялаған.

«1959 жылы Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде бұл бап болған. Ол Кодекс біздің тарихымыздағы ең тұрақты Кодекс болды. 1997 жылға дейін бұл норма күшінде болды. 1997 жылы тәуелсіз Қазақстан өзінің алғашқы Қылмыстық кодексін қабылдаған кезде декриминализация жасап, ол бапты қылмыстық кодекстен алып тастаған болатын. 2015 жылғы Кодекске де енген жоқ. Бірақ бұл жолы енгізудің қажеттілігі туындады. Өйткені, қоғам тарапынан көп өтініш айтылды. Былтыр Құрылтайда мемлекет басшысы да осындай ұсыныс айтқан болатын. Содан кейін депутат Марат Башимов пен Мұрат Әбенов осындай ұсыныс берді», - деді Абзал Құспан.

Қызды мәжбүрлеп алып қашқанын заң қалай анықтайды

Азбал Құспан егер қыз жігітті жақсы көріп, өз еркімен бірге «қашып» кетсе, онда қылмыстық жаза көзделмейді.

«Бұл баптың өзара таныс-біліс, өзара келісіммен алып қашқанға еш қатысы жоқ. Бұл жерде қызды өз еркінен тыс, күш қолданып, алып қашқанға байланысты мәселе көзделген. Кез келген жағдай арыз түсуі керек. Не қыздың өзі, не қыздың ата-анасы, не туыстары, тіпті жағдайды білетін адамдар арыз жаза алады»,- дейді Құспан.

Бұл бап қандай жауапкершілік көздейді

  • Ұсынылып отырған баптың бірінші бөлігі бойынша – жеңіл жаза;
  • Екінші бөлігі бойынша – ауыр жаза (бес жылдан көпке сотталу)
  • Үшінші бөлігі бойынша – аса ауыр жаза (он жылдан көпке сотталу)
Серіктес жаңалықтары