Арыс қаласы: кеше және бүгін
Арыстықтар қала күнін атап өтті
24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қоймаларда болған жарылыс салдарынан шаһардағы 8 мыңға жуық үй бүлініп, 500-ге жуық үй мүлде жарамсыз хәлге түскен еді.
Сол кезде мемлекет қаланы шұғыл түрде 17 секторға бөліп, шаһарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын республикамыздың өңірлеріне үлестіріп берді. Құрылыс жұмыстарына республикамыздың әр түкпірінен 3 мыңға жуық адам тартылды. 3-4 ай ішінде шаһардың 90 пайызы қалпына келтіріліп, Арыс қайта ажарлана түсті.
«Үш айда толық жаңарған Арыс қаласында жүргізілген ауқымды жұмыс бәріміз үшін бұрын соңды болмаған баға жетпес тәжірибе болды. Аз ғана уақытта тұтас бір қаланы қайта аяққа тұрғызу тарихта болмаған. Бұл еліміздегі бірлік пен ынтымақтастықты айшықтайтын көрініс. Мұндай жағдай енді қайтып басымызға түспесін», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Көшесі мен әлеуметтік нысандары, теміржол вокзалы, орталық алаңына дейін күрделі жөндеуден өтіп, шырайы кірген шаһардағы өмір қайта жандана түскен. Кеше арыстықтар Әл-Фараби алаңында қала күні тойлап өтті. Меркелік іс-шараға жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар және арнайы келген қонақтар қатысты. Жарылыстан кейін қаланы қайта қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ «Алғыс хат», «Құрмет грамотасымен» марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етті. Арыс қаласында дәстүрге айналған «Алтын күз – 2019» жәрмеңкесі өтіп, Ақдала, Байырқұм, Жиделі, Дермене, Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өнімдерін халыққа базар нарығынан 20-30 пайызға арзандатылған бағамен ұсынды.
Еске салайық, биыл 24 маусымда Арыс қаласының іргесінде орналасқан әскери қару-жарақ сақталған қоймада жойқын жарылыс болып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 189 адам зардап шекті.
Арай Есенбек, Түркістан облысы