Қазақстандықтар ұялы телефондарының «таза» екенін өз бетінше тексере алады
Бір ЖСН-ге қанша телефон нөмірі тіркелгенін де білуге болады

Қазақстандықтар ұялы телефондарының ел аумағына заңды не заңсыз әкелінгенін, ұрланған-ұрланбаған бірнеше порталдан өз бетінше тексере алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстандықтар енді өздерінің мобильді құрылғысының верификация статусын eGov Mobile қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы тексере алады. Жаңа сервис Идентификациялық кодтар дерекқоры арқылы IMEI-кодтың тіркелген-тіркелмегенін анықтауға, сондай-ақ нақты құрылғыға байланған нөмірлердің санын білуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
IMEI – бұл әрбір ұялы телефонға берілетін бірегей 15 таңбалы нөмір. Онда телефонның өндірушісі, моделі және жасалған елі туралы ақпарат қамтылады.
Егер IMEI-код тіркелген құрылғылар базасында бар болып шықса, жүйе оның желіде тіркелгені туралы хабарлайды. Егер код базадан табылмаса, жүйе тексеріс жүргізіп, «IMEI сәтті верификацияланған және Қазақстан Республикасында қолдануға болады немесе IMEI верификацияланбаған» деген ақпарат береді.
Телефонды қалай тексереді
eGov Mobile қосымшасы арқылы:
- авторизациядан өту керек;
- басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінен «Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисін таңдау қажет;
- жеке деректерге қол жеткізуге рұқсат беру керек;
- тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу қажет.
www.gov.kz порталында:
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтына өту;
- «Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисіне сілтеме немесе баннер арқылы кіру;
- тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.
imei.rfs.gov.kz порталында:
- rfs.gov.kz сайтына өту;
- тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.
Министрліктің ақпаратынша, қазақстандықтар телефонның верификациясын ЖСН арқылы да тексере алады. Бір ЖСН-ге қанша байланыс нөмірі тіркелгенін де білуге болады.
Сондай-ақ IMEI-код бойынша абонентті тексеру сервисі бар, ол белгілі бір құрылғыны қанша абоненттік нөмір қолданғаны туралы ақпарат береді.