Танымал журналист Ақсәуле Әлжан 4-сатыдағы рактан құлан таза айыққанын айтты (ВИДЕО)
Журналист 39 жасында омырау безінің рагына шалдыққан
Қазақстандағы танымал журналист, тележүргізуші Ақсәуле Әлжан «Цукербергтің көршілері» атты подкасында екі жыл бұрын дәрігерлер «омырау безінің төртінші сатыдағы рагы» диагнозын қойғанын және қазір одан құлан таза айыққанын мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, Ақсәуле Әлжан «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алған. Өзінің сұхбатында ол Қазақстан қоғамы рак туралы сәл өзгеше ұғымға ие екенін және көп жағдайда адамдар «ракпен күресіп жүр» деп қате түсінік ұстанатынын айтқан.
Мәселен, бірінші, Ақсәуле Әлжанның айтуынша, рак дертінің «обыр» немесе «қатерлі ісік» деген аудармасы қате, яғни, адамда үрей тудырады.
«Ал, шын мәнінде ол «шаян ауруы» деп аударылу керек дейді журналист.
Ол сондай-ақ бізде «қатерлі ісікті жеңді» немесе «қатерлі ісікпен күресіп жүр» деген ұғымдар қалыптасқанын айтып отыр.
«Мен диагнозымды 39 жасымда білдім. Маммографияны 40 жастан бастап істейді екен, мені ешкім шақырған жоқ. Бірақ мен үнемі гинеколог пен маммологқа барып тексеріліп тұратынмын. Ештеңе байқалмады. Бір күні омырауым ауыра бастады. Дәрігерге көріндім, ол мені дереу УДЗ (УЗИ) мен маммографияға жіберді. Маммографияда күмәнді нышандар анықталып, бірден биопсия жасалды. Екі күннен соң қорытындысы шықты — дәрігерлер маған рактың екінші сатысы деген еді. Алайда толық зерттеуден кейін диагноз нақтыланып, төртінші сатыдағы агрессивті әрі метастазасы бар рак екені белгілі болды», - дейді журналист.
Оның айтуынша, оны емдеген дәрігер «шынымды айтсам, сенің осы уақытқа дейін аман қалатыныңа сенбедім» деген екен.
«Шынымды айтсам, менің бұл дертке шалдыққанымды туыстарымның өзі білмейді. Анама, әпке-сіңлілеріме ғана айттым. Қалған туыстарыма айтқан жоқпын. Бұл үшін ренжімеңіздер, айтпауымның себебі - мен жаман энергияның, уайым мен қорқыныштың өзіме бағытталуын қаламадым. Кейде біреу дертін айтса, оған жұбатудың орнына: «менің тәтем осыдан қайтыс болған», «Пәленшем осыдан көз жұмған» деп қорқытады. Осындай сөздер адамды әлсіретеді. Әрине, естігенде мен де жыладым, психологтың көмегіне жүгіндім. Бірақ «егер 39 жасымда бұл сынақ Алладан келсе, мен оны қабылдадым. Мойынсұндым» дедім. Негізі көп әйел, жалпы, әйел ғана емес, кез келген адам балаларын ойлайды. Менің де екі балам бар. Диагнозды естігенде ең бірінші ойым — олардың болашағы болды. Үлкенім 12 жаста, кішісі алтыда. Кенжем — ерекше күтімді қажет ететін бала, аутизммен ауырады. Мен негізі соны күтіп, бағатынмын», - деген ол сол сәттегі сезімін есіне алып, көз жасына ерік берді.
Дегенмен журналист адам басына келген қиындықпен күреспей, оны мойындап барып әрекет етсе, бәрі жақсы болады дейді.
«Сол кезде әлі есімде, «жарайды, үлкені ақылды, әжелері бар, папасы бар, жетім қалып жатқан бірінші бала емес, жылар да қояр» дедім. Бірақ кенжеме келгенде қайтты қиналдым. «Оның тағдыры не болады?» деп қатты қиналдым. Міне қазір де ойласам көзіме жас келіп отыр. Ерекше баланы бағатын папасына ауыр болатын болды ғой деп ойладым. Сосын, бір сәтте «жарайды, ертең мен өліп кетіп жатсам, оның тағдыры не болатынын білмеймін, бір Құдайға тапсырдым. Жақсы сценарий болса да Құдайға тапсырдым, яғни, осы күйінде қалып, оған көмектесетін адам болмай, жетімдер үйінен шықса да мойынсұндым дедім»- дейді ол.
Осылайша Ақсәуле Әлжан дәрігеріне келіп «мен бәрін Құдайға тапсырдым, бірақ сіз барлық емді жасаңыз. Мен де өз тарапымнан бәрін істеймін» деген. Дәл осы сәттен бастап бақытты күндерін басталды дейді ол
Мен ракпен күреспедім — мен оны қабылдадым
«Міне, осы қабылдау менің ішкі тыныштығымды, шынайы бақытымды ашты. Диагноз қойылғаннан кейін мен алғаш рет өмірдің шынайы ғажабын сезіне бастадым. Бұрын реніш, өкпе, қызғанышпен өмір сүрген екенмін. Ал бүгін мен үшін әр күн — сыйлық. Құстардың дауысын естіп, гүлдің иісін сезінгеннің өзі — шексіз қуаныш», - дейді ол.
Сөз арасында ол Қазақстанда ракқа шалдыққан адамдар біле бермейтін дүниелерді атап өтті. Мәселен, көп жағдайда химиятерапия қабылдаған адамның шашы түсіп қалатыны белгілі. Ал, Ақсәуле Әлжан химиятерапия кезінде шашын аман алып қалған екен.
«Химиотерапия алдым. Апта сайын ем қабылдадым. Бірақ ешкім менің химиятерапия алып жүргенімді білген жоқ. Арнайы мұздан жасалған бас киім – «cold cap» қолданып, шашымды сақтап қалдым. Бірақ кірпігім мен қасым түсіп қалды. Және қатты арықтадым. Бірақ, қасымды бояп, жасанды кірпік тағып алып, қонаққа барғанда бәрі «Ақсәуле, құлпырып кетіпсің» дейтін. Қазан айында басталған химиотерапиям наурызда аяқталды. Жеті айдан кейін тексеріс кезінде ағзамда қатерлі ісіктен бірде-бір із қалмағаны анықталды», - дейді ол.