Балалар арасында миды шірітетін мультфильм өте тез тарап жатыр - комитет мәлімдеме жасады
Дина Төлепберген TikTok-та кең тараған әннің астарында не жатқанын айтты

Журналист Дина Төлепберген жас балалар арасында TikTok желісінде кеңінен тараған мультфильм әні туралы күтпеген шындықты жайып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Айтуынша, Tralalero Tralala атты әуеннің сөзі – саяси пропагандаға толы, жеткіншектердің миын улауға бағытталған.
Tralalero Tralala (Траллалеро траллалла) – жай әуен бе, әлде діни сенімді мазақ етудің құралы ма?
«Tralalero Tralala (Траллалеро траллалла) – жай әуен бе? Әлде ұрпақты діннен бездіру құралы ма? TikTok ашып қалсаңыз, бұл әуенді әндетіп жүрген ұл-қызымызды көресіз. Траллалеро траллалла – үш аяғына кроссовки киген акула, итальян акцентіндегі ырғақты рифма, әзіл сияқты: әуені тартымды, көрінісі күлкілі. Мәтіні ше?
Траллалеро траллалла – бұл ән емес, бұл дінді қорлау, Алланы мазақ ету. Бірақ бүгінгі бала мұны әуендеп, қайталап айтып жүр. Ол сөздің мағынасын түсінбейді, бірақ миына жазылып жатыр. Құбыжық-акуладан кейін абсурд кейіпкерлер шеруі тоқтамады. Кейінгі шыққан Бомбардино Крокодило – «Палестинадағы балаларға бомба тастағанды ұнатамын» дейді. Бұл енді жай қалжың емес, бұл – саяси пропаганда», – деді журналист.
#Brainrot: TikTok-тағы жаңа қауіп
Дина Төлепберген TikTok-та таралған толассыз мемдердің бір ғана ортақ белгісі бар екенін атап өтті – бәрі #brainrot хэштегімен таралуда. Бұл – «мидің шіруі» дегенді білдіреді.
- TikTok-та бір жарым миллионнан астам осындай видео бар.
- Мақсаты: соғысты ойынға айналдыру, діни қорлау.
- Brainrot – тек интернет термини емес, Оксфорд сөздігі 2024 жылы оны «Жыл сөзі» деп таныды. Бұл – абсурд пен бос күлкінің үстемдік құрған дәуірін сипаттайды.
Психотерапевт ескертуі: балалар санасына әсер ететін контент
Дина Төлепберген психотерапевт Шерл Эскиннің пікірін мысалға келтірді:
«Итальяндық Brainrot – миға арналған цифрлық кәмпит секілді. Бұл – ата-аналар түсінбейтін құпия тіл. Сондықтан балалар үшін ол керемет болып көрінеді. Бірақ тәттіні тексерсек – нағыз у екен», – деген психотерапевт.
Журналист ата-аналарға үндеу тастады
«Мен ТикТокты жабайық демеймін. Мен – диалог бастайық деймін:
– Балаңыз не көріп жүр?
– Не тыңдап жүр?
– Неге күледі?
– Кімге еліктейді?
Бұл сұрақтардың жауабын сіз білмейінше, жауапты нейра жүйе береді.
Сондықтан, ми шірімесін десек – мағына берейік», – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі реакция білдірді
ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де балаларға арналған мультфильм ретінде ұсынылған кей контентте деструктивті белгілердің барын растады.
«Интернет кеңістігінде сырт көзге балаларға арналған контент ретінде көрінетін, алайда мазмұнында жасырын деструктивті ақпарат бар мультфильмдердің таралуына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай видеолар балаларға адамгершілік құндылықтарға кері әсер етіп, агрессивті мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін. Ақпараттық кеңістікте айтарлықтай өзгерістер орын алуда: жаңа платформалар пайда болып, тарату форматы да өзгеруде. Бұл балалардың психоэмоционалдық саулығы үшін қосымша тәуекелдер тудырады», – деді комитет.
Заңнамалық шаралар мен ата-аналарға ескерту
Комитет қазіргі цифрлық жағдайларды ескере отырып, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындағанын мәлімдеді. Бұл ұсыныстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданған.
Сонымен қатар, ата-аналарға төмендегідей кеңес берілді:
- Балаларыңыздың әлеуметтік желілерде қандай контент көріп жүргеніне назар аударыңыз;
- Кімдермен байланыста, қандай тақырыптарды талқылайтынына мән беріңіз;
- Баламен ашық сөйлесіп, оның сыни ойлау қабілетін дамытыңыз;
- Күмәнді контентті байқасаңыз – дереу құзырлы органдарға хабарлаңыз;
- Баланың цифрлық қауіпсіздігіне ата-ананың араласуы – басты кепіл.