$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Көл жағасындағы әдемі үй»: астаналықтар соқыр жарнамаға қалай алданып жүр

Жазғы маусымда қаптаған онлайн жалған жарнамаларға тұрғындар алданып жатыр

«Көл жағасындағы әдемі үй»: астаналықтар соқыр жарнамаға қалай алданып жүр
https://www.instagram.com/4house_astana/

Жазғы демалыс маусымы басталысымен елордалықтар қала маңынан табиғат аясында уақыт өткізетін әдемі орын іздей бастайды. Алайда, соңғы уақытта еліміздің кейбір өңірлерінде «елес үйлер» деп аталатын алаяқтық схемалар кең таралып жатыр. Алаяқтар әлеуметтік желілер мен интернет платформалар арқылы жоқ демалыс үйлерін жарнамалап, қазақстандықтарды алдап жүр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Астаналық тұрғын жалған глэмпингтен аман қалды

Астаналық тұрғын Рамина Threads әлеуметтік желісінде «4house_astana» атты парақшаның жалған ақпарат таратып жатқанын әшкереледі. Instagram желісінде 20 мыңнан астам жазылушысы бар бұл аккаунт Қаражар ауылында орналасқан демалыс үйін жалға беріп жатқанын көрсеткен. Алайда Рамина броньдау алдында көрсетілген мекенжайға барып, үйдің мүлде жоқ екенін анықтаған.

Алдын ала төлем жасау үшін Асқар Тоғызбаев есімді адамның банктік шоты ұсынылған. Бұл жағдайға қатысты пікір қалдырған басқа да азаматтар осы схема бойынша талай адамның алданып қалғанын жазды.

Алматы облысында да дәл осы әдіспен алдау деректері тіркелген

Алаяқтар тек Астанада ғана емес, Алматы маңында да көбейген. Мысалы, Қайназар ауылындағы «Edelweiss_resort» деп аталатын демалыс орнының да жалған екені айтылды. 2GIS платформасында бұл орынға қатысты пікір де, сурет те жоқ. Алайда бронь жасау үшін толық төлем талап етіледі.

Құқық қорғау органдары не дейді?

Жәбірленушілер бірнеше рет полицияға арыз жазғандарын, алайда құқық қорғау органдары «жауапты тұлға анықталмады» деген себеппен істерді жауып тастайтынын айтады.

«Осы схема бойынша 3-4 жылдан бері адамдарды алдап келеді. Арыз жазылса да, тергеушілер істі қарамаймыз дейді. Көп жағдайда іс бір айдан соң жабылып, ешкім жазаланбайды. Алаяқтар мұны жақсы біліп алған», – дейді зардап шеккен тұрғындардың бірі.

Интернет арқылы демалыс үйін жалға аларда нені ескеру керек?

Осы саладағы мамандар демалысын жоспарлаған азаматтарға мына ақыл-кеңестерді ұсынған:

  • Бронь жасамас бұрын мекенжайды нақты тексеріңіз
  • Google Maps немесе 2GIS арқылы орынды қарап шығыңыз
  • Төлемді тек ресми сайттар арқылы жасаңыз
  • Пікірлер мен суреттердің шынайылығына мән беріңіз

Редакция осындай интернет-алаяқтыққа қатысты күрес қалай жүріп жатқанын білу үшін полицияға сұрау жолдады.

Серіктес жаңалықтары