Әскердегі революция: Қазақстан сарбаздарын енді жасанды интеллект бақылап отырады
Ұлттық ұланда бейімделген интеллектуалды психологиялық тестілеу жүйесі таныстырылды

Қазақстанда әскерилердің психологиялық проблемаларын жасанды интеллектінің көмегімен анықтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери ортада психологиялық мәселелерді анықтауға көмектесетін бейімделген интеллектуалды психологиялық тестілеу жүйесі таныстырылды.
Жаңа жүйе әскердегі өлім-жітімнің алдын алады
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетовтың айтуынша, жасанды интеллект әскери ортадағы психологиялық қиындықтарды ерте кезеңде анықтайды.
«Заманауи технологиялар психология мен менталдық саулық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар эмоционалдық жайсыздықтың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және олардың өршуінің алдын алуға көмектеседі. Біздің мақсатымыз – әрбір әскери қызметшіге уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз ететін тиімді ерте анықтау және қолдау жүйесін құру», – дейді Үмбетов.
Жүйе сынақтан өтетін сарбаздың алдыңғы жауаптарына сәйкес сұрақтардың мазмұны мен күрделілік деңгейін динамикалық түрде өзгертіп отырады. Бұл әдіс дәстүрлі тестілеу тәсілдеріне қарағанда адамның психологиялық жағдайын анағұрлым дәл және тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені артық сұрақтар қысқартылып, маңызды аспектілерге назар аударылады.
Қауіпсіздік үшін тестілеу жүйесі әскери бөлімдердің серверлерінде орналасады. Ол алдымен Астанадағы гарнизонның әскери бөлімдерінде шақырылған жас сарбаздар арасында сынақтан өтеді.