$ 506.21  568.42  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.05.2025, 16:33
Қоғам

Енді нақты «ойын ережелерін» анықтаймыз – Қошанов жаңа заң жобасы туралы пікір білдірді

Мәжіліс төрағасының айтуынша, жасанды интеллект болашақта тек күшейе береді

Енді нақты «ойын ережелерін» анықтаймыз – Қошанов жаңа заң жобасы туралы пікір білдірді
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Бүгін Мәжіліс  «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Палата спикері Ерлан Қошанов осы мәселеге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін біз бірінші оқылымда өте маңызды әрі дер кезінде әзірленген заң жобасын мақұлдадық. Шынында да бүгін қызу талқылау болды. Жасанды интеллект – қазіргі әлемде зор маңызы мен басымдығы бар сала. Оның дамуы адам қызметінің денсаулық сақтау мен білім беруден бастап – өнеркәсіп пен көлік саласына дейінгі барлық бағытына терең әсер етеді. Бұл үрдіс болашақта тек күшейе түсері сөзсіз. Сондықтан біз де осы заманауи өзгерістерден қалып қоймай, ілесе білуіміз қажет», - деді Қошанов.

Мәжіліс спикері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отырғанын атап өтті. «Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес», - дейді Қошанов.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алған.

«Бұл ретте біздің депутаттарымыз халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, осы заң жобасын әзірледі. Заң жобасын қабылдау арқылы, біріншіден, біз мемлекеттік органдардың құзыретін бекітеміз. Екіншіден, инвесторлар мен IT өнімдерін әзірлеушілер үшін нақты «ойын ережелерін» анықтаймыз. Үшіншіден, біз жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қолайлы жағдай жасаймыз. Бұл экономика мен бизнестің барлық саласының дамуына серпін береді», - дейді Қошанов.

Ең бастысы, Қошанов атап өткендей, заң жобасы осы бағытта азаматтарымыздың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді. Сөз соңында Ерлан Қошанов заң жобасы аясында жұмыс істеген депутаттарға алғыс білдірді.

«Екінші оқылымға дейін осы көтерілген мәселенің бәрін мұқият зерделеп, даму мен қауіпсіздік арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары