Депутат әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған жеңіл ипотека үшін 50 млрд теңге сұрады
Оның айтуынша, бағдарламаға 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жоспарында қаржы қарастырылмаған

Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшеcі Берік Бейсенғалиев Үкіметтен «Отбасы банк» арқылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 2%-дық жеңілдетілген ипотека беру бағдарламасын қаржыландыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, бағдарламаға 2025–2027 жылдарға арналған бюджет жобасында қаржы қарастырылмаған, 2024 жылы да қаражат бөлінбеген еді.
«Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар табысының төмендігінен, олардың тұрғын үй сатып алуына қолжетімді жалғыз құралы болып – «Отбасы банкінің» 2%-бен берілетін жеңілдікті ипотека («2-10-20») табылады.
2025 жылғы 28 наурызда менің төрағалығыммен «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында (бұдан әрі – Кеңес) «Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету» мәселесі қаралды. Сол отырыс барысында Отбасы банк халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй беру процесін іске асыру кезінде туындап отырған проблемалар туралы ақпарат беріп, олардың негізгісі – кредит беру үшін бюджет қаражатының болмауы екенін атап өтті.
Мысалы, 2024 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген, ал несиелер (займдар) 2023 жылы бөлінген және толық игерілген қаражат есебінен берілген. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте де «2-10-20» бағдарламасы шеңберінде несие (займ) беру үшін қаражат көзделмеген», - деді депутат.
Оның сөзінше, әлеуметтік осал топтарға кредит беру үшін бюджет қаражатының болмауына байланысты қарыздар бұрын қалыптасқан қайтарымды қаражат есебінен ғана беріледі, олардың көлемі өте шектеулі. Осыған байланысты қазіргі уақытта «2-10-20» бағдарламасы бойынша жаңа объектілерді мақұлдау процесі тоқтатылған. Бұл жағдай, әсіресе Отбасы банкке тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң аясында ұлттық даму институты мәртебесі беріліп жатқан кезде, әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін.
«Осыған байланысты, Кеңес отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «2-10-20» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасына қатысушыларға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті тартқан қаражат есебінен қарыз беру үшін «Отбасы банк» акционерлік қоғамын 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды», - деді депутат.