«Ұятсыз би билеген»: Павлодардағы Мәңгілік алаудың алдына барған екі қыз жазаланды (ВИДЕО)
Олардың екеуі де кәмелет жасына толмаған

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2 мамыр күні қаладағы Мәңгілік алаудың алдында жабайы би билеген екі қыз баланы жазалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сүйенсек, 2008 және 2009 жылы туған екі қыз алаңға хореографтың шақыруымен келген екен.
«2025 жылы 2 мамырда, сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Павлодар қаласындағы Даңқ алаңына келіп, Даңқ Обелискі мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз би билеп, ролик түсірген. Сол арқылы олар Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылық жасады», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта жауап берген екі қыз кінәларын мойындап, ол жерге не мақсатта барғандарын айтқан.
«Азаматша Ж. саябаққа хореографтың шақыруымен Жеңіс күніне арналған бейнероликті түсіру үшін келгенін айтты. Оның жанында басқа қыздар да болған. Оның айтуы бойынша «TikTok» әлеуметтік желісінен көрген трендтен идея туындап, олар видео түсірген. Видеоларын Instagram желісіндегі жабық парақшаға «Саябақты қорлаймыз» деген орынсыз жазумен жариялаған. Азаматша И. осыған ұқсас түсініктеме берген», - деп хабарлайды сот.