«Құрмет» орденінің иегері Ерейментаудағы жел электр станциясына арналған 8,5 млрд теңгені ұрлап кеткен
Сот үкімі шықты

Астанада Ерейментау қаласында жел электр станциясын салуға бөлінген 8,5 миллиард теңгені екі жыл бойы жымқырып келген екі адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2- тармағы, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша Б. және М. есімді екі адамға үкім шығарды.
Анықталғандай, олар 2020-2022 жылдар аралығында «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес компаниясының қаражатын ұрлаған. Ақша Ерейментау қаласында қуаты 50 МВт жел электр станциясын салуға бөлінген. Сотталушылар жалған келісімшартпен ақшаны аффилирленген компанияларға аударып, 8,5 млрд теңгені қалталарына басқан.
Сондай-ақ, 2021 жылғы қазан айында сотталушы Б. тағы бір компаниямен трансформаторлық қосалқы станцияларды жеткізуге шарт жасасқан, алайда өз міндеттемелерін орындамаған. Соның салдарынан компанияға 157 млн теңге шығын келген.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, банк көшірмелерімен, заттар мен құжаттарды тексеру хаттамаларымен расталды. Алайда екеуі де өз кінәсін мойындамай, соттан ақтауды сұраған.
Сот үкім шығарған кезде М.-ның екі кішкентай баласы барын және екі сотталушының да бұрын істі болмағанын ескерген.
«Сот үкімімен Б. 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік награда – «Құрмет» орденінен айырылды. Ал М. 6 жыл 8 айға сотталды, оған ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы қолданылды», - делінген хабарламада.
Еншілес компанияның азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылып, 8,5 млрд теңге мен 3 млн теңге сот шығыны өндірілді. Талап-арыздың қалған бөлігі қараусыз қалдырылған.