Елімізде репродуктивті денсаулық апталығы басталды
Акция жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізіледі

12–16 мамыр аралығында елімізде репродуктивтік денсаулық апталығы өтеді. Кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен ұйымдастырылды.
Бұл жоба халықтың репродуктивтік денсаулығы, инфекциялық аурулардың профилактикасы, отбасы жоспарлау және жауапты ата-аналық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөніндегі білімін арттыруға бағытталған. Оған Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мұрындық болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев репродуктивті денсаулық мәселесіне айрықша мән беріп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасын атап өтуге болады. Бұл бағдарлама репродуктивті денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігіне айналды.
Жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, жыныстық қатынасқа ерте түсу салдарлары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуы және АИТВ жұқтырған жаңа жағдайлардың көбеюінің алдын алу мақсатында 2025 жылғы 12–16 мамыр аралығында елімізде Репродуктивті денсаулық апталығы өтеді», - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Апталық аясында жастар мен репродуктивтік жастағы әйелдер мен ерлерге, ата-аналарға басымдық бере отырып, бес күн бойы еліміздің барлық өңірінде іс-шаралар өтеді. Атап айтсақ,
- Емханалар мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өткізіліп, мамандардан тегін консультация алуға болады;
- Жасөспірімдер, жастар және ата-аналар үшін отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыптарында дәрістер, семинарлар мен мастер-кластар өтеді;
- әйелдер мен ерлерге бала сүюге дейінгі және АИТВ инфекциясына тестілеу бойынша консультация беріледі;
- БАҚ пен әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлері, тиісті сала мамандары (гинекологтар, урологтар, дерматовенерологтар, репродуктологтар және т.б.) қатысатын ақпараттық науқандар өтеді;
- мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады;
- Жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселелеріне ата-аналарды тарту бойынша жұмыс жүргізіледі.
«Акция аясында халықтың денсаулығын нығайту, адам ағзасына және болашағына саналы көзқарас қалыптастыру бағытында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігері біріктіріледі. Кәсіби қауымдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және қоғамдық пікір көшбасшыларын ақпараттық науқанды қолдауға шақырамыз. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін апталық шеңберінде өтетін іс-шараларды кеңінен жариялап, шынайы әрі пайдалы ақпаратты таратайық!», - деді министр.
Аптаның әрбір күні нақты бір тақырыпқа арналады: 12 мамыр, дүйсенбі: Отбасын жоспарлау; 13 мамыр, сейсенбі: Әйелдер денсаулығы; 14 мамыр, сәрсенбі: Ерлер денсаулығы; 15 мамыр, бейсенбі: Жастардың репродуктивтік денсаулығы және ЖЖБИ-ге қарсы іс-қимыл; 16 мамыр, жұма: Адам папилломасы вирусына арналмақ.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 10–29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық және профилактикалық көмек, психологтардан, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлерден кеңес алуға мүмкіндік беретін 103 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді.
«Денсаулық – хабардарлықтан басталады. Келіңіздер, репродуктивті денсаулықты басты құндылыққа бірге айналдырайық!», - деді министр.
Іс-шаралар туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алуға болады: www.rephealth.kz, Апталық хэштегтері: #СалауаттыҰрпақ2025 #ЗдоровоеПоколение2025 #RepHealth2025 #НеделяРепродуктивногоЗдоровья