«Су қоймасы 500 мың адамға ғана есептелген»: Астана халқы болашақта ауыз судан тарықпай ма
Астанадағы жалғыз су қоймасы 1969 жылы салынған

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Павел Казанцев Астана халқы жаз айларында су тапшылығы проблемасына тап болып жүргеніне назар аударып, елорданы сумен қамтудың резервтік көздері туралы сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, 1969 жылы салынған Астана су қоймасы – елорданы сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су қоймасы және ол 500 мың адамға ғана есептелген.
«Былтыр елорда тұрғындары су тапшылығымен бетпе-бет келгенін, суды тазарту жүйелерінің қуаттылығы жеткіліксіз болғаны естеріңізде шығар. Қала халқының саны жылдан жылға өсіп, баспана құрылысы қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, келешекте бұл проблема тек ушыға түседі. Ал елорданы сумен қамтудың резервтік көздері әзірге жоқ. Осы мәселені қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?», - деп сұрады Казанцев өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілінен.
Вице-министр Қуандық Қажкенов екі жыл бұрын астананың жекелеген аудандарында жаз мезгілінді су тапшылығы болғанын, алайда тиісті шаралардың арқасында 2023 жылдың соңында №3 сүзгі-сорғы станция пайдалануға берілгенін атап өтті. Айтуынша, қазір үш сүзгі станцияның қуаттылығы тәулігіне 410 мың текше метрді құрайды, яғни қазір су тапшылығы жоқ.
«Жалпы сумен қамтудың резервтік көздеріне тоқталсақ, қазір бірнеше жобаны пысықтап жатырмыз. Біріншісі – №4 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы және Қаныш Сәтбаев каналынан суағар арнасын салу. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, ол тәулігіне халықты 200 мың текше метр сумен қамтуға мүмкіндік береді. Екінші жоба – Нұра жерасты суларынан суағар құрылысы жүріп жатыр. Ол бойынша да тәулігіне 38 мың текше метр қосымша су келеді деп жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, мамыр айында кешенді сараптамаға жібереміз. Жобаның болжамды құны – 56 млрд теңге. Үшінші жоба – қазір әзірлену үстінде, Тельман сорғы станциясынан техникалық суағар арнасын салу. Жоба құны 17,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Биыл жергілікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп қойды. Осының бәрі болашақта қала халқын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, яғни су тапшылығы болмайды», - деп мәлімдеді Қажкенов.