COVID-19: Клиникалық белгісі жоқ науқастарға қатысты статистика жариялана бастайды
Бүгіннен бастап барлық ресми дереккөздерде статистика жеке-жеке жарияланады
Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар бойынша статистика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған - ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды.
Бүгіннен бастап барлық ресми дереккөздерде коронавирус инфекциясы бойынша ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жеке-жеке жарияланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.
«Бұл халықаралық тәжірибе және түрлі елдерде қолданылып келеді. Бұлай бөлудің себебі - симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. Сонымен қатар COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді», - деп жазылған хабарламада.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан жағдайлардың 60%-ға жуығы - бұл инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар екенін атап өткен жөн. Елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек.