Қырғыз тарапы шиеленістіру мен арандатуға әдейі жол беріп отыр – Кірістер комитеті
МКК қазақ-қырғыз шекарасында кезекті рет туындаған аухалға қатысты мәлімдеме жасады
Қырғызстаннан тасымалданатын тауарларға анықтама ретінде көрсетілетін құжаттардың көбі жалған. Кедендік рәсімдеуде жалған транзиттік фактілер жиі кездеседі. Ал қырғыз тарапы шекарадағы жағдайды бірлесе шешудің орнына, әдейі шиеленістіру мен арандатуға жол беріп жатыр. Еліміздің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақ-қырғыз шекарасында кезекті рет туындаған аухалға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау және тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендету мақсатында ҚР ҚМ МКК 2019 жылдың басынан бастап ЕАЭО елдерімен шекарада өткізілетін жүктерге мониторингті жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде, жалған тұлғалардың атымен 10,3 мың тауарға ілеспе құжат өтірік ресімделген. Бұдан бөлек, 13 мыңнан астам жалған транзит фактісі анықталған. Тек 1-тоқсанның қорытындысы бойынша еліміз арқылы Ресейге бағыт алған транзиттік жүктердің 17%-ы шындығында, Қазақстанда қалған. Ал қырғыз тарапы шекарада жүк көліктерінің жиналып қалуына Қазақстан тарапын кінәлап келеді.
«Бүгінгі күні ағынның ұлғаюын ескере отырып, тәулігіне 200-ге жуық жүк және басқа да автокөлік құралдары шекарадан өтуде. Шекараның Қазақстан учаскесінде тауар-көлік жүк құжаттарын сканерлеуді есепке ала отырып, жүк АКҚ өту уақыты 15-20 минутты құрайды. Бақылау рәсімдерінің хронометражы екі шектес өткізу пункттерінен өтуі 30-35 минутты, оның ішінде ҚР салықтық бақылау үшін құжаттарды сканерлеу 3 минутты алғанын көрсетті. Қырғыз тарапы хронометраж өткізу кезінде ПТР-тест тапсырғаннан кейін жүргізушілер нәтижелерін күтпестен, тек сауалнаманы толтырып қана ҚР-на шығарылғанын растады. Қазақстан тарапы шекарада кезекте тұруды болдырмау үшін мұндай тестілеуді өткізу пункттерінен тысқары жерде өткізіп жатыр», - делінген ҚР ҚМ МКК таратқан хабарламада.
Шекара маңында жүк көліктері кептелісінің көбеюіне тағы бір себеп – пандемияға байланысты 5 өткізу пунктінің жабылып қалуы. Одан бөлек, мерзімді жеміс, көкөніс тасыған көлік құралдары да күрт көбейген. Шекарада туындаған мәселеге байланысты екі елдің билік өкілдері де арнайы кездескен.
«2020 жылғы 3 маусымда «Қарасу» АӨП мен «Ақтілек-автожол» АӨП-те көлік жиналу себептерін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өкілдерінің жұмыс кездесуі өткізілді. Кеше ЕЭК отырысында Қырғыз Республикасының вице-премьері Э.Ш. Асрандиевтің қатысуымен осы мәселелер талқыланды, ол бірлескен жұмыс тобын құру қажеттілігімен келісті. Бұдан басқа, қарсы жолақпен кезектен тыс өту қызметін ұсынатын «өткізіп жіберушілер» деп аталатын адамдар тобының әрекеттеріне Қырғызстан жүргізушілері наразылық білдіруде», - делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан мәлімдемеде.
Қазақстан тарапы көрші елдің билігін өркениетті сауда-саттықты ұйымдастыру, бюджет пен бизнес мүддесі үшін көлеңкелі айналымды қысқарту жөнінде шаралар қабылдауға шақырды. Еліміздің Кірістер комитеті екі ел ортақ келісім қабылдамай, арадағы дауды шешу мүмкін емес деп санайды. 2019-2020 жылдар ішінде ЕАЭО және ДСҰ алаңында, екіжақты форматта құзыретті органдар мен Үкіметтер деңгейінде бірқатар кездесулер де болған.
«Биылғы ақпан айында өткізілетін жүктер бойынша алдын ала ақпараттармен алмасу, навигациялық құлыптарды және екі елдің ақпараттық жүйелерінде бар деректерді пайдалану арқылы тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендету мәселелерінде өзара іс-қимылдың қажеттілігі талқыланды. Бұл өркениетті сауда-саттықты ұйымдастыруға және екі мемлекеттің бюджет кірістерінің артуына ықпал етуші еді. Алайда, кездесу Хаттамасына қырғыз тарапынан қол қойылмады, пошта арқылы жолданған нұсқа жауапсыз қалды. Қырғыз әріптестер тарапынан сындарлы диалог жүргізудің орнына, Қырғыз Республикасындағы ішкі салықтық әкімшілендіруді сауда кедергісі деп тану үшін шекарадағы жағдайды әдейі шиеленістіру және арандату әрекеттері жүргізілуде», - делінген комитеттің мәлімдемесінде.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы