Әйел күйеуінің әрі көмекшісі, әрі психологы бола білуі керек – кәсіпкер Қанат Көпбаев
Оның айтуынша, ер адамның жетістігінің 50 пайызы әйелге байланысты

Белгілі бизнесмен Қанат Көпбаев журналист Айкерім Есенәліге берген сұхбатында «ер адам жетістікке жетуі үшін әйелі не істеу керек?» деген сұраққа жауап бере отырып, жеке пікірін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Ол көмекші де, психолог та, тыңдаушы да бола білуі керек. Отбасында жылуды сақтап, балаларға қарай білуі керек. Біз сыртқа кеткенде үйде бір жағдай болса, елеңдеп отырмау үшін олар тыл болуы керек»- дейді ол.
Солай бола тұра кәсіпкер өз әйелі керек болса бірге іс-сапарға шығатынын айтып, әйелін үйде «қамап ұстайтын» ерлердің әрекетін сынады.
«Келіншегін үйден шығармайтын кейбір ер азаматтардың әрекеті дұрыс емес. Мысалы, менің әйелім менімен бірге іссапарға барады. Балалар мен әйелімде бірге алып жүремін, бірге уақыт өткізіп, бәрін үйлестіре білу керек»- дейді бизнесмен.
Айта кетейік, Қанат Көпбаев Forbes.kz нұсқасы бойынша табысты кәсіпкерлердің тізімінде 21 позицияда тұрған кәсіпкер. Сұхбатта әйелдердің бизнестегі мүмкіндіктері, өз жарымен қарым-қатынастары, балаларға қалдыратын мұра мен тәрбие туралы ой қозғалды.