«AMANAT» партиясының жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары жөніндегі кеңес отырысы өтті
Ақмола облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жоқ, ал Ақтөбе облысында жылына тек 70 отбасы ғана баспанамен қамтамасыз етіледі

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық Кеңес отырысында еліміздегі жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларының іске асуы мен нәтижелері талқыланды. Отырыста Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев сөз сөйлеп, қазіргі жастардың тұрғын үймен қамтылуына қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нартай Сәрсенғалиев тұрғын үй бағдарламаларының ел көлемінде жүзеге асуына қарамастан, жастардың баспана мәселесінің толық шешілмегенін атап өтті. Өткен жылдары жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы 29 жасқа дейін шектелсе, қазіргі таңда бұл шек отыз бес жасқа дейін көтерілген.
«Мемлекет тарапынан бұл мәселе шешілуде, бірақ кемшіліктер бар екенін мойындауымыз қажет. Жастарға арналған бағдарламалар әр өңірде әртүрлі деңгейде жүзеге асуда, бірақ көптеген өңірлерде жергілікті бюджеттің шектеулілігі себепті жастар толық қамтылмай отыр. Бұл туралы жастардан түскен арыз-шағымдарда орталық бюджеттен қаржыландыру туралы ұсыныстар жиі айтылады. Мысалы, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 2024 жылы ипотека алғандардың тек 12%-ы ғана 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл олардың көпшілігі бастапқы жарнаны жинай алмайтынын көрсетеді», - деді ол.
Депутат сонымен қатар жастардың тұрғын үй алуына кері әсер ететін тағы бірнеше факторды атады.
«Тұрғын үй бағасы қымбат. Астана мен Алматыдағы үйлердің бағасы өте жоғары, ал жастардың орташа айлық табысы оған жетпейді. Ұлттық статистика бюросы бойынша, жастардың орташа айлық табысы 180-300 мың теңге аралығында, ал Астана мен Алматы қалаларында екі бөлмелі пәтер алу үшін 500-600 мың теңге табыс қажет. Тағы бір проблема – жастардың тұтынушылық несиелерінің көп болуы. Ұлттық банк деректері бойынша, жастардың 40%-ы тұтынушылық кредит алған. Бұл жағдай оларды ипотека алу кезінде қиындықтарға душар етеді. Сондай-ақ, жастардың көпшілігі ресми жұмыс істемейді, аутсорсингтік немесе бейресми жұмыстардан табыс табады. Бірақ бұл табыстар ипотека алу кезінде есепке алынбайды, өйткені олар зейнетақы аударымдарын төлемейді. Қазіргі бағдарламалар негізінен мемлекеттік қызметкерлерге, көпбалалы отбасыларға және ресми табыс табатын азаматтарға арналған. Бірақ жастарға арналған арнайы бағдарламалардың саны әлі де аз», - деді ол.
Оның сөзінше, өңірлердегі жағдай да әртүрлі.
«Мысалы, Ақмола облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жоқ, ал Ақтөбе облысында жылына тек 70 отбасы ғана баспанамен қамтамасыз етіледі. Алматы облысында «Алатау жастары» бағдарламасы бар, бірақ 2024 жылы екі жүз отбасы орнына тек 50 отбасы ғана үйге кірді. Бұл көрсеткіштің төрт есеге төмен орындалғанын көрсетті», - деп атап өтті ол.
Жиын барысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов 2024 жылдың 25 қарашасында мемлекет басшысы қол қойған Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңның маңыздылығын атап өтті.
«Заң шеңберінде әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу жөніндегі функциялары Отбасы банкіне беріледі. Бүгінгі таңда «Отбасы» банк базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының ақпараттық жүйесі құрылды. Жаңа жүйе азаматтарға тұрғын үй алу процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді, бұл әрбір азаматтың өтінішін онлайн форматта қабылдауға және тұрғын үйді бөлу процесін ыңғайлы етуге бағытталған. Бұл жүйе бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Заңның жаңа нормаларына сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап елдегі әрбір кәмелетке толған азамат тұрғын үйге мұқтаждардың есебіне тұра алады. Алайда, соңғы бес жылда тұрғын үйдің болмауы немесе соңғы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркелу талаптары сақталады. Қазіргі таңда еліміз бойынша тұрғын үйге мұқтаж шамамен 657 мың адам тұр, оның ішінде әлеуметтік осал топтардан 257 мың адам бар. Мемлекет осы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында негізгі шараларды іске асыруда», - деді ол.
Рахымжан Исақұлов 2024 жылдың қорытындысы бойынша, республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ тартылған қаражаттан Отбасы банк арқылы қарыздар берілді. «Жастар жылы» және «AMANAT» партиясының сайлау алды бағдарламасы аясында Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын немесе сатып алуын жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда бұл бағдарламалардың нәтижесінде жастар үшін жаңа тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып, азаматтардың төлем қабілетсіздігі мен жеткілікті жинақтардың болмауы салдарынан қиындықтар туындап жатыр.
«Отбасы банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Жансұлтан Матай өз сөзінде жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында қосымша қаражат бөлініп, бағдарламаларға қаржылық қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
«Алматы қаласында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуы, басқа өңірлердің де осыған ұқсас бағдарламаларды қолға алуына әсер етті. 2017 жылдан бастап жастар бағдарламасы бойынша 208 миллиард теңге бөлініп, 36 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар нәтижесінде бұл бағдарламалар алдағы жылдары да жалғасады. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап Президенттің бастамасымен іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы аясында да жастарға арналған қаржылық қолдау артты. Бұл бағдарлама бойынша 212 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңнан астам отбасы баспана алады. Сонымен бірге, жұмысшы жастарға бағытталған жаңа «Жұмысшы мамандықтар жылы» бағдарламасы да қолға алынды. Бұл бағдарламаның жалпы бюджеті 72 миллиард теңге болып, ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсетіледі», - деді ол.
Кеңес отырысы барысында көптеген мәселелер талқыланып, жастардың баспана мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Өңірлік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін барлық өңірлердегі жастарға тең мүмкіндіктер жасау маңызды. Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жаңа заңдар мен автоматтандырылған жүйелердің енгізілуі азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.