$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Лайк» бас деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз - Сәрсен Құранбек

Ол қаладағы Жастар орталығындағы мәселені өз тарапынан түсіндірді 

«Лайк» бас деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз - Сәрсен Құранбек
Фото: Үкімет

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жастар ресурстық орталығында лайк үшін туған дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімнің орынбасары жастар орталығының психолог маманына лайк баспағаны үшін ескерту берілмегенін айтты.

«Жастар ресурстық орталығындағы лайк басу бойынша әлеуметтік желіде сөз тарады. Мұның барлығы әкімдік тарапынан жасалған дүние емес. Бізге лайктың қажеті жоқ. Біз «лайк басыңдар» деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ жастар ресурстық орталығында өздерінің атқарып жатқан жұмыстары бар. Қалада 4 мыңға жуық жас бар. Жастардың барлығын қамту үшін осындай іс-әрекетке барғаны анықталды. Ол бойынша орталық басшысына сөгіс жарияланды. Ал «маған лайк баспады деп сөгіс жариялады» деген сөз жалған болып шықты. Психологқа сөгіс жұмыс барысында қате жібергені үшін берілген», - деді Құранбек.

Оның айтуынша, орталық басшысына қатысты мониторинг жүргізілген.

«Әлеуметтік желіде бұл мәселе жарияланды. Онда жарияланған соң біз мониторинг жүргіздік. Ол басталғанда біз тек бір мәселені ғана қарамаймыз. Бақылау кешенді түрде жүреді. Егер ол жерде сөгіс жарияланса, тек лайк баспағаны үшін ескерту берілгені үшін емес, басқа да жұмысында кемшіліктер көзге түскені үшін жарияланды», - деді Сәрсен Құранбек журналистерге арналған брифингте.

Оның айтуынша, мониторинг барысында көптеген кемшілік әшкере болған.

«Бұйрықтар мен еңбек кітапшаларын тіркеу кітабы жоқ. Басқа да кемшіліктер бар. Осының бәрін біз мониторинг барысында анықтадық. Біз заң бойынша тиісті іс-шараларды қолдандық. Ескерту берілгені лайк басқаны үшін емес. Маманға ескерту өзге мәселе бойынша берілді.  Ал жастар ресурстық орталығының басшысына берілген сөгіс лайк үшін емес, басқа дүниелер үшін берілді. Тырнақ астынан кір іздемейік», - деді ол.

Еске салсақ, осыған дейін Шымкент қаласындағы жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің әлеуметтік желідегі белсенділігіне байланысты даулы жағдай туындаған еді. Бірнеше қызметкер басшылық тарапынан қысымға ұшырағанын айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары