$ 518.34  591.06  6.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.04.2025, 15:49
Қоғам

«Кітап-AMANAT»: Ринат Зайытов Ұлттық кітап күніне орай Қарағанды облысына барды

Бүгін Қазақстанда Ұлттық кітап күні өтіп жатыр

«Кітап-AMANAT»: Ринат Зайытов Ұлттық кітап күніне орай Қарағанды облысына барды
Фото: партияның баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында  23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында депутат жоғары оқу орнындағы, білім ошағындағы жастар қауымымен жүздесіп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың мәні мен маңызын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Партия жазып отырғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдап, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін айрықша атап өткен болатын.

Осы орайда, депутат кеншілер аймағындағы сапарын республикалық «Оқырман отбасы» байқауының жеңімпазы – Тәжібаевтар отбасына барудан бастады. Жылы жүздесу барысында отбасы құндылығын нығайту және ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі кітаптың алар орны жөнінде әсерлі әңгіме өрбіді. Өз кезегінде, халық қалаулысы отбасыға отандық, әлемдік классикалық және заманауи әдебиеттер жинағын тарту етті.

Кенді өлкедегі келесі келелі кездесу Бөкетов зерттеу университетінің заманауи кітапханасында жалғасты. Іргелі іс-шараға білім ордасының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер және партияластар қатысты. Сөз басында халық қалаулысы ақпараттық аштықтың алдын алудың төте жолы – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру екенін алға тартты.

«Әр шаңырақта қатталып тұратын кітаптар тоқсаныншы жылдардағы топалаңда тамыздыққа немесе күнбағыс дәнін орайтын қағазға айналды. Кітаптың қоғамға керексіз болып қалғанының бір дәлелі – осы. Ендігі мақсат – кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту. Себебі кітап оқымаған адам ақпараттық аштыққа ұшырайды», – деді Ринат Зайытов.

Бұдан әрі әңгіме ауаны жас ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуындағы көркем әдебиеттің рөліне ұласты. Қатысушылар жазушы Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» шығармасын талқылады. Бұл – жастардың асқақ арманға адалдығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін дәріптейтін аса құнды туынды.

«Адамзат баласының назары әлеуметтік желіге ауған кезеңде кітап оқу дәстүрі үзіліп қалмауы үшін әр адам өзі оқыған көркем дүниелерімен бөлісіп, оны қоғам арасында кеңінен талқылап отыруға тиіс деп ойлаймын. Мәселен, сіздерге Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романын оқуға кеңес берер едім. Неге? Ең алдымен, романдағы оқиға желісі осы өңірінде өрбиді. Екіншіден, роман кейіпкерлері – өздеріңіз сияқты бір дәуірден бір дәуірге ауысқан ұрпақ. Мұндай шығармалар ойлы, отансүйгіш әрі белсенді ұрпақ тәрбиелеу ісінде ерекше маңызға ие. Осындай көркем туындыларды, өзге де жанрлардағы кітаптарды көп оқу қажет. Себебі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ парыз», – деді депутат.

Кездесу соңында аталған білім ордасында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Kitap – Qazyna» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ университет проректоры Нұржан Жетпісбаев осы білім ордасының тұңғыш ректоры, академик Ебіней Бөкетовтің 100 жылдығына орай ғалым туралы жарық көрген құнды кітап тарту етті.

Бұдан соң депутат Абай ауданына қарасты Құрма ауылындағы мектепке ат басын бұрды. Мұнда халық қалаулысы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке табан тіреп, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысты. Заманауи мектепте  28 жалпы білім беру кабинеті, 1 STEAM кабинеті, 5 зертхана, 2 шеберхана, 1 робототехника кабинеті және 1 Intellectum кабинеті бар. Білім ұясында депутат оқушыларымен кездесіп, олардың сүйікті шығармалары мен кітаптары жөнінде әңгімелесті.

«Кітап – бұл тек білім көзі ғана емес, ол біздің төл мәдениетіміздің, тарихымыздың және ұлттық болмысымыздың негізі. Кітап оқу мәдениетін дамыту арқылы біз болашақ ұрпаққа берік рухани негіз қалдырамыз», – деді Ринат Зайытов.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков оқушыларды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, өскелең ұрпақты кітапты көп оқуға шақырды.

«Кітап – шетсіз, шексіз әлем. Әр кітаптың өз философиясы, оқырманға айтар ойы бар. «Жақсы кітап – жан азығы» дейді ғой дана халқымыз. Сондықтан рухани азық болар кітаптарды барынша көп оқыған жөн», – деді Бекзат Алтынбеков.

Сөз соңында ол балалардың дүниетанымын дамыту мақсатында бірнеше кітапты сыйға алып келгенін атап өтті. Олардың қатарында Ілияс Жансүгіровтің «Сығанақ», Бейімбет Майлиннің «Қанды тұман», Мұхтар Шахановтың «Танакөз», Несіпбек Айтұлының «Дариға-дәурен», Астрид Линдгреннің «Біз бәріміз бір ауылданбыз» сынды туындылары және өзге де кітаптар бар.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы аясында ел аумағында 24 кітап орталығы ашылды. Онда отандық жазушылардың, авторлардың, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бүгінде осы мазмұндағы 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Серіктес жаңалықтары