Семей мен Астана арасында енді аптасына бес рет ұшақ қатынайды
Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли мәлім етті

Семейден еліміздің ірі қалаларына қатынайтын тұрақты әуе рейстерінің саны артады. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі халықаралық әуежайдың жұмысымен танысу барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Биыл 27 сәуірден бастап «Семей-Астана-Семей» бағытында сыйымдылығы 48 орындық «Ан-24» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды. Семейден Астанаға ұшу уақыты - кешкі сағат 18:15, Астанадан Семейге ұшу уақыты - кешкі сағат 21:15», - деп хабарлайды әкімдік.
Ал, әкім Берік Уәлидің айтуынша, болашақта Семейден Қарағандыға ұшатын рейстерді субсидиялау мәселесі талқыланбақ.
«Жолаушылардың өтінішін ескере отырып Көлік министрлігі, әуе компаниясы және облыс әкімдігінің үш жақты келісімі нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткіздік. 10 мамырға дейін аптасына үш рейс орындалады. Ал мамырдың ортасынан бастап ұшу жиілігі аптасына 5 ретке дейін ұлғаяды. Әуе компаниясының құрылтайшылары болашақта жаз мезгілінде қатынайтын жаңа ұшақтарды желіге шығаратынын айтып отыр. Алдағы уақытта Қарағанды бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта Көлік министрлігімен келіссөз жүргізілуде», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, биыл 1 мамырдан бастап «Алматы-Семей-Алматы» (аптасына үш рет), «Астана-Семей-Астана» (аптасына бір рет) бағыттарында қосымша рейс енгізіледі. Бұдан бөлек 1 маусымнан бастап «FlyArystan» әуе компаниясы «Шымкент – Семей – Шымкент» бағыты бойынша жаңа рейсті іске қоспақ.