Темекі лоббистері блогерлерді заңға қарсы «айдап салып» отыр – Нұртай Сабильянов

Электронды темекі мен вейпқа бақылау енгізуге қатысты жаңа заң қазір Сенат қарауында

Темекі лоббистері  блогерлерді заңға қарсы «айдап салып» отыр – Нұртай Сабильянов
Коллаж: Нұрсұлтан Жорабаев

Депутат Н. Сабильянов, Е. Бектұрғанова, Қ. Қаракен, «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы мен қоғам қайраткері Қайрат Құдайберген бастаған бір топ адам «Халық денсаулығы мен денсаулық жүйесі» туралы кодекске түзетулер әзірлеп, электронды темекі мен вейпқа бақылау енгізуді ұсынған еді. Бірақ аталған кодекске түзету енгізуге «Ақ жол» партиясының басшысы А. Перуашев, депутат К.Әбсаттаров бастаған темекі лоббистері қарсылық танытуда.

ПАРЛАМЕНТТЕГІ ТЕМЕКІ ЛОББИСТЕРІ ТУРАЛЫ

Бүгінгі таңда өзгеріс енгізілген жаңа кодекс Сенат қарауында.  Кейбір депутаттардан бөлек, танымал блогерлер мен қоғам белсенділерінің арасында жаңа Кодекске қарсылық танытып, жазба арнап жатқандар көп. Azattyq Rýhy тілшісімен сөйлескен депутат Нұртай Сабильянов Парламенттегі темекі лоббистерімен күресу оңай тиіп жатпағанын тілге тиек етті.

«Біз темекі бұйымдарын ашық сатуға, қоғамдық орындарда оларды пайдалануға қарсы күресті 2009 жылдан бері жүргізіп келе жатырмыз. Парламент депутаттары арасында аталған заң жобасына қарсылық танытып жатқандар да бар. Олардың темекі өндіруші компаниялардың мүддесін жақтауы тегін емес қой. Өздерінің жеке бастарының мүдделері, пайдасы бар. Менің ойымша, Парламентте жұмыс істейтін адам мемлекеттің көзқарасын жақтауы тиіс. Халық пен мемлекет мүддесінен биік еш нәрсе болмауы керек. Сол себепті, бұл күрес бізге де оңай тиіп жатқан жоқ. Темекі бұйымдарын сататын компанияларда ақша көп. Қаражат бар болған соң, олар біздің заңға қарсы пікірлерді блогерлер арқылы қоғам арасында қолдан көбейтіп, тапсырыспен түрлі жазбалар, мақалалар жаздырып жатыр», - деді ол.

58 жасқа келіп, бірде-бір рет шылым шеккен емеспін деген Сабильянов жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына барша қоғам жауапты екенін айтады.

«Мен 58 жастамын, осы уақытқа дейін бірде-бір рет шылым шегіп көрген емеспін. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына сіз, біз және жалпы қоғам жауапты. Өз басым кішкентай балақайлар ойнайтын аулаларда, қоғамдық жерлерде адамдардың темекі шегуіне қарсымын.  Темекі бұйымдарының зиян екенін бәрі біледі, соңғы кездері шығып жатқан электронды шылымдардың да денсаулыққа зиян екені дәлелденіп отыр. Қазір жастардың көбі тәуелді болып кеткен қорқордың да қоғамдық орындарда болмауы жаңа заңда бар. Темекі бұйымдарын сатып алатындардың жасын +21 жасап жатырмыз. Көлікте кәмелеттік жасқа толмаған бала отырса, шылым шегуге де шектеу қоюды ұсындық. Мұның бәрі халқымыздың салауатты өмірі үшін, жастардың болашағы үшін жасалып жатқан дүниелер», - деді ол.

ТАБАК ӨНДІРУШІЛЕРГЕ САТЫЛМАЙТЫН ДЕПУТАТТАР ТОБЫ

Темекі бұйымдарына қатысты заңмен 10 жыл бойы тұрақты айналысып жүрген депутат табак өндірушілерге сатылмайтын әріптестерімен ортақ топ болғанын да жасырмады.

«2009 жылы табак өндірушілерге сатылмайтын депутаттар арасында топ құрғанбыз (күліп). Ол кезде барлығы бес депутат болған, қазір санымыз азайды. Жалпы бұл бастаманы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин өзі қолдап, отырыстарды өткізіп жүр. Байқасаңыз, табак өнімдерін сатумен айналысатын үлкен компаниялар соңғы жылдары айкос, гло сынды түрлі вейптарды кеңінен насихаттауда. Ол өнімдердің өзіндік түрлі иісі, дәмі жағынан бірнеше түрі бар, сыртқы қораптары да әдемі безендірілген. Әрине, осыдан кейін жастарымыз ол өнімдерді пайдалануға әуес келеді. Жарнама жағынан, темекі бұйымдарының сыртына түрлі қорқынышты суреттерді қоюды күшейту қажет. 2010 жылға дейін мейрамханаларда шылым шеге беретін. Ал қазір вагондар мен әуежайларда шылым шегуге тыйым салынған. Бұл заңға қарсы Парламенттің ішіне кіріп, өз ұсыныстарын білдіргендер бар. Біз ұсынған жаңа Заң мақұлданады деген үміттеміз», - деп аяқтады ол әңгімесін.

ТЕРМИНДЕРДІ БҰРМАЛАП ЖАТЫР

 «Nur Otan» партиясының қолдауымен 6 ай бойы «Халық денсаулығы мен денсаулық жүйесі» туралы кодекске түзетулер әзірлеп жүрген қоғам белсендісі Қайрат Құдайберген темекі лоббистері ілік таппағаннан, терминдерге шүйлігіп жатқанын айтты.

«Біздің бұл мәселені көтеріп жүргенімізге бір жылдан асты. Енді темекі лоббистері жаңа кодекстегі терминдерді бұрмалап жатыр. Осыдан кейін ел денсаулығын ойламайтын депутаттар халыққа қаншалықты қажет?! АҚШ-та қыздырылатын темекі бұйымдарынан 49 адам қайтыс болған соң, заң аясында бұл өнімге тыйым салынған. Ал олар бізді «үшінші әлем елдері» деп санағандықтан, айкос пен глоны зиянсыз өнім деп тықпалап отыр. Америкада олар бұл мақсаттарын жүзеге асыра алмайды, себебі, ол жерде заң қатал. Ал бізде заң осал болған соң, олар айыппұлдан қорықпайды. Вейп өнімдерінің әлем нарығындағы айналымы $10 млрд құрап отыр. Әрине, бұл бұйымдарды өндіріп отырған бизнесмендер өз мүдделерін қорғайды. Ал біздегі ақша үшін сатылатын кейбір блогер, депутаттарға халық денсаулығы маңызды болмай тұр. Басқасын қойғанда, темекі өнімдерін жарнамалаудың қаншалықты қажеті бар?!», - деп ашынды ол.

ЖАСТАР АЙКОС ПЕН ГЛОНЫ СЫЙЛЫҚ РЕТІНДЕ АЛЫП ЖҮР

«Осы уақытқа дейін шылым да, қорқор да шеккен емеспін» деген қоғам белсендісі қазіргі жастар айкос пен глоны бір-біріне сыйлық ретінде тарту етіп жүргенін айтады.

«Электронды темекінің насихаты ашық жүргізілгеннен кейін, жасөспірімдер бір-біріне айкос, глоны сыйлық ретінде тарту етіп жүр. Айкос пен глоның иісі қолқаны қабады. Осы өнімдерді өндіріп отырған Филипп Моррис қыздырылған шылымдарға қатысты FDA мәлімдемесінде құрамында токсиндері бар 56 қоспаны жасырған. Жасырылған қоспалардың қатарында обыр дертін қоздырушы канцерогендер бар. Бұл өнімдердің адам ағзасына зиянды екеніне көз жеткізген Apple компаниясы App Store-дан электронды табак өнімдері, синустар мен вейптарға арналған 850 қосымшаны алып тастады», - деді ол.

Айта кететіні, коалиция жаңа Кодексте жанар-жағармай бекеттерінің аумағында, жерасты өткелі мен тұрғын үй аулаларында, метро мен жабық аялдамаларда  темекі өнімдерін қолдануға тыйым салуды ұсынған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.