Биліктегі темекі лоббистері кім? Белсенділер Нығматулинге шағымданды
Мәжілістің кей депутаттары Денсаулық кодексінің сапалы өзгеруіне кедергі келтіруде дейді олар
Электронды темекі мен вейпқа бақылау енгізуге Мәжіліс депутаттарының өздері қарсылық білдіруде. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы мен қоғам қайраткері Қайрат Құдайберген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинге осылай үндеу жолдады.
Аталған коалиция жанынан құрылған жұмыс тобы «Nur Otan» партиясының қолдауымен 6 ай бойы «Халық денсаулығы мен денсаулық жүйесі» туралы кодекске түзетулер әзірлеген. Мақсаты – Қазақстандағы темекі эпидемиясының өсімін азайту. Бұл өзгерістер қоғам тарапынан қолдау да тапқан екен. Алайда, Мәжілістегі кейбір депутаттар өзгерісті қабылдауға кедергі келтіріп отырған көрінеді.
Коалиция ұсынған өзгерістер мынадай:
- Жаңа пайда болған табак өнімдерін (электронды темекі, вейп) темекімен толықтай теңестіру, өзгеріс ДСҰ терминология классификациясына сай болуы тиіс (депутат Е.Бектұрғанова ұсынған түзетулер);
- Қыздырылатын темекі, вейптар мен қорқорларға сауда нүктелерінде тыйым салу (депутат Е.Бектұрғанова түзетулері);
- Темекі өнімдерін қолдануға тыйым салу, оның ішінде, қоғамдық орындарда қыздырылатын темекі, вейптарға тыйым салу, қорқорларды шылым шегетін орындардан алып тастау (депутат Н.Сабильянов, Е.Бектұрғанова, Қ.Қаракеннің түзетулері);
- Темекі өнімдерін сатуға рұқсатты 18 жастан 21 жасқа дейін жоғарылату (депутат З.Аманжолованың түзетулері);
- Түтінсіз темекі өнімдеріне, оның ішінде снюсқа толықтай тыйым салу (депутат И.Клименко және Е.Бектұрғанованың түзетулері);
- Темекіге қарсы заңды бұзғандарға айыппұлды көбейту (түзетуді депутатардың барлығы бірауыздан қолдады).
Аталған түзетулер ҚР Парламент Мәжілісінің алғашқы оқылымында қабылданды. Қоғам белсенділерінің айтуынша, Нұрлан Нығматулин де снюстарға тыйым салу мен жаңа темекі өнімдерін шылымға теңестіруді қолдаған.
«Алайда, жұмыс тобы аталған түзетулер бойынша жұмыс істеп жатқанда Мәжілістегі темекі лоббистері астыртын қарсылық білдірді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз позициясын қорғау үшін ҚР Премьер-министрі мен Президент әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр болды. Түзетулерге қарсылық білдіргендердің арасында «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев та бар. Олар біз ұсынған тыйымдарды жұмсартуды талап етті. Бұл текетірес Кодекстің қабылдануын тағы екі айға созды. Нәтижесінде темекі лоббистері емес, халықтың денсаулығы үшін күрескен біздің тарап жеңіп шықты. Түзетулерді ҚР Үкіметі мен ҚР Президенті әкімшілігі тарапынан екі рет қолдау тауып, мақұлданды», - делінген Нығматулинге жолданған үндеуде.
Алайда, темекі өнімдеріне қарсы қоғам белсенділерінің қуанышы көпке созылмапты. Биыл 6 мамырдағы соңғы кестеде Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет депутат Ерсұлтан Бектұрғановтың мәтінін көшіріп баса отырып, оған өздерінше өзгерту енгізген көрінеді.
Мәселен, электронды темекі мен вейптардың таралымына еш кедергі келтірілмейді делінген. Яғни, қарапайым шылымның жарнамасына тыйым салады да, IQOS, GLO секілді электронды темекілердің ашық жарнамасына рұқсат береді. Тіпті, Кодекстің соңғы нұсқасында спикер Нұрлан Нығматулиннің өзі ұсынған – түтінсіз темекі өнімдерінің барлық түріне тыйым салу туралы ұснысы да алынып тасталған дейді қоғам белсенділері.
Сондай-ақ, олардың сөзінше, соңғы нұсқаның көп бөлігі депутат Бектұрғановтың мәтінінен көшірілген. Жай ғана көшірілмеген, ішінде Үкіметтің мақұлдауынан өтпеген өзгерістерін де енгізіпті. Және бұл өзгерісті пленарлық отырыстың екінші оқылымында талқылауына небәрі 1 апта қалғанда (отырыс 2020 жылдың 13 мамырында өтеді) енгізген.
«Неге екінші оқылымға бір апта ғана қалғанда жаңа түзетулер енгізген? Ол түзетулері Үкіметтің, тіпті Денсаулық сақтау министрлігінің мақұлдауын алмған. Мақсаты не, Кодекстің қабылдауын тағы тежеу ме, әлде темекі лоббистеріне ыңғайлы заң қабылдау ма?» - деп сұрады қоғам белсенділері Мәжіліс спикерінен.
Олар Нұрлан Нығматулиннен Мәжілістегі темекі лоббистеріне Кодекстің соңғы нұсқасына қайта өзгерістер енгізуге жол бермеуін сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова «Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашевты электронды темекі мен вейптерге тыйым салуға қарсылық білдіріп жүргенін айтқан болатын.
«Мәжілістің екінші депутаты Кеңес Әбсаттаров Денсаулық министрлігі ұсынған бастамаға тыйым салу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, балалардың темекі жарнамасын көре беруіне болады. Ал Денсаулық министрлігі темекі өнімдерін балалар қалыпты тауар ретінде қабылдамас үшін, арнайы пердешемен жауып қоюды ұсынған. Парижде өзім сондайды көрдім. Біздің мұндай жағдайға жетуімізге әлі біраз уақыт бар»,-деп ашынды Жәмилә Садықова.