«Үмітімді үзбедім»: волонтер әйел соғыста із-түзсіз жоғалған қайын ағасының сүйегін тапқан
Ол тарихқа айналған бұл оқиға халық үшін аса маңызды екенін айтты

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінде жұмыс істеп жүргеніне төрт жылға жуықтаған волонтер Фарида Үшкемпірова соғыста із-түзсіз кеткен күйеуінің ағасын тауып берген. Осы ұйымға келгенге дейін ол 11 жыл бойы жолдасының майданда қаза тапқан ағасын іздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екінші дүниежүзілік соқысқа 1 366 000 қазақстандық аттанған еді. Оның ішінде соғыстан оралмағандар саны 601 029 адам деген дерек бар. Ал 271 503 солдат пен офицер хабарсыз кеткен, бұл елге оралмағандар санының 45 пайызына тең. 2019 жылы құрылған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі майданнан оралмаған туыстарын іздеп жүрген ағайынға үміт сыйлап келеді.
«Соғыстан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен туысты табу үшін Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивімен дербес хат алмасып, «Халық жады», ОБД «Мемориал» секілді базаларда үздіксіз іздендім. Алайда, бұл әрекеттер нәтиже бермеді. Жақындарымның бәрі үмітін үзді деуге болады, бірақ мен ғана тоқтаған жоқпын. 2019 жылдың наурыз айында «Халық жады» сайты жаңартылған соң, мен сол жерде «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны туралы марапат парағын тауып алдым. Бұл жаңалық бәріміз үшін күтпеген сәт болды», - дейді Фарида Үшкемпірова.
Ол ізінше оның артиллериялық полкын, жауынгерлік жолының күнделігін, нақты қай жерде, қай күні ауыр жараланып, қайтыс болғанын анықтап алған.
«Алғашында туыстарым бұл ақпаратқа сене қойған жоқ, бірақ кейін бәрі шын екенін түсініп, бір жағынан қуаныш, екінші жағынан ауыр қайғы сезімін бастан кешірді. Осы сәтте мен бұл жұмыстың маңыздылығын жан-жүрегіммен түсіндім. Соғыста жоғалған туыстарын іздеген адамдар үшін бұл – үміт сәулесі, әділдік. Бұл – халқымыздың өшпес тарихы. Біз жеңіс үшін өз өмірін қиған батыр бабаларымызбен мақтануымыз керек. Өскелең ұрпақ бұл Жеңістің қандай қиындықпен келгенін білуі тиіс», - дейді волонтер.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі сәуірдің 8 мен 31-і аралығында келіп түскен өтініш бойынша 19 адамды тапқан.