$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2020, 10:22
Қоғам

Никотинге қарсы күрес. Қауымдастық дүкен сатушыларының жауапкершілігін арттырмақ

Елімізде электронды темекілерге қарсы жаңа заң қызу талқыланып жатыр

Никотинге қарсы күрес. Қауымдастық дүкен сатушыларының жауапкершілігін арттырмақ
Фото: ашық дерек көзінен

Қазақстаның сауда  кәсіпорындары қауымдастығы кәмелеттік жасқа толмағандарға никотин өнімдерін сатуға шектеу қою мақсатында «Адал ниетпен» атты жаңа жобаны қолға алды. Жоба -  шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды көздейді.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған қауымдастықтың басқарма төрағасы Жібек Әжібаева және «Адал ниетпен» жобасын қолдаушы белсенділердің пікірін ұсынады.

«Қазақстан Сауда мекемелер қауымдастығы кәмелет жасқа толмағандарға құрамында никотині бар өнімдерді сатуға шектеу қоюмен күресу үшін «Адал ниетпен» деген жобаны қолға алды. Жобаның негізгі міндеті – кәмелетке толмағандарға темекі және құрамында никотин бар өнімдерді (НБӨ) сатуға тыйым салу мақсатында бөлшек сауда дүкендері сатушыларының жауапкершілігін арттыру. Жоба шағын бөлшек сауда өкілдеріне, оның ішінде дүкен иелері, кассирлер яғни, кәмелеттік жасқа толмағандармен байланыста болатын барлық адамдарға бағытталған», - деді Жібек Әжібаева.

Басқарма төрағасы никотин өнімдерінің жастарға сатылуы кәсіпкерлерді немесе қоғамдастық мүшелерін ғана емес, барша ересектерді алаңдатуы тиіс екенін айтады.

«Біз шылым шегу проблемасы мен кәмелеттік жасқа толмағандардың никотин өнімдеріне қолжетімділігі ересектердің жауапкершілігінде екенін жеткізгіміз келеді. Оның ішінде үлкен жауапкершілік, темекі өнімдерін сатуды жүзеге асыратындарға артылмақ. Жоба аясында біз сайтымызда  бөлшек сауда өкілдері кәмәлеттік жасқа толмағандарға никотин өнімін сатуға тыйым салуға қатысты декларацияға қосыла алатын жеке рубрика ашып жатырмыз. Сондай-ақ, никотин өнімдерін жасөпірімдердің пайдалануына қарсы онлайн мен офлайнда бірнеше кездесулер өткіземіз», - деді ол.

Теміртау қаласындағы бірнеше дүкен желілерінің қожайыны Наталья Конрадин бұл бастаманы алғаш болып қолдаған кәсіпкерлердің бірі. «Балаларым мен немерелерімнің денсаулығы үшін алаңдаймын» деген кәсіпкер дүкенге келген жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатуға қатаң тыйым салған.

«Теміртау қаласында жеке дүкенім бар. Сауда саласында қызмет еткеніме 7 жылдан асты. Мен өзіме келуші балалардың бәрін танимын, олардың ата-аналарын, отбасыларын да білемін. Мен де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға темекі сатуға қарсымын. Өз басым жаңа заңды қолдаймын және біз ешқашан кәмелеттік жасқа толмаған балаларға темекі өнімдерін сатқан емеспіз. Барлық сауда орындары темекі өнімдерін сатып алғысы келетін жастардың жеке куәліктерін сұрап, 18 жасқа толғандарына көз жеткізулері керек. Мен өзім төрт баланың анасымын, 6 немерем бар. Біз жастардың табак өнімдерінің зиянын білуі үшін қолдан келгенше бәрін жасау керекпіз», - дейді Наталья.

Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Ермек Рахметов аталған жоба арқылы елдегі шағын кәсіпкерлердің белсенділігін байқағылары келетінін айтты.

«Жоба жетекшілері шағын кәсіпкерлер мен көтерме саудамен айналысатын ірі желі иелерінің әлеуметтік жауапкершілігін «жобаға дейін» және «жобадан кейін» деген екі кезеңге бөліп, тексеріп көрмекші. Қазіргі таңда республика бойынша 50 мыңнан аса дүкен темекі тауарын сатумен айналысады. Бұл пандемия кезінде халықты салауаттылыққа шақыру мақсатындағы челлендж деуге болады. Яғни әрбір сатушы біздің жобаға қатысып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білсе дейміз. Никотин өнімдері, оның ішінде, электронды темекілерді сату бізді ғана емес, қазіргі таңда әлемді алаңдатып отыр. Біздің жоба барлық сауда нүктелерінің өкілдеріне арналған. Біз ағартушылық жұмыстарымен, түрлі конкурстар және саулнамалар жүргізумен айналысамыз»,-деді Ермек Рахметов.

Айта кетсек, биылғы жылдың мамыр айында электронды темекі өнімдерін қоғамдық орындарда пайдалануға тыйым салу туралы заң мәжілісте талқыланған болатын. Онда «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы мен қоғам қайраткері Қайрат Құдайберген бастаған бір топ белсенді электронды темекі мен вейпқа бақылау енгізуге Мәжіліс депутаттары қарсы екенін айтып, Нығматулиннен көмек сұраған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары