Өзім жеке бақылаймын, e-Gov 24/7 режимінде мінсіз жұмыс істеу керек – Олжас Бектенов
Жыл соңына дейін барлық ақпараттық жүйе дербес деректерге қолжетімді екенін бақылайтын сервис басталады

Премьер-министр Олжас Бектенов осы жылдың соңына дейін жасанды интеллект элеметтерін қосып, «Электрондық үкімет» порталын жаңғыртуды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы ақпараттық жүйелердің істен шығу фактілеріне тоқталды. Айтуынша, мұндай жағдайлар «Электрондық үкімет» пен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын уақытша шектейді.
«Осыған байланысты серверлік жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бағытында қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын. E-Gov инфрақұрылымы 24/7 режимінде мінсіз жұмыс істеуге тиіс. Көрсетілетін онлайн-қызметтерді одан әрі арттыру үшін жоғары жылдамдықты интернеттің жаппай қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Бұл тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық азаматтың электрондық мемлекеттік қызметтерді толық алуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіре отырып, мемлекеттік бюджет шығындарын оңтайландыру қажет», - деп мәлімдеді Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда ол дербес деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздікке баса назар аударды.
«Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде орталықтандырылған мониторингтің болмауы деректердің таралып кету қаупін арттырып, интернет-алаяқтық жағдайларының көбеюіне әкеп соғады. Мемлекеттік органдарға осы жылдың соңына дейін барлық ақпараттық жүйені дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисіне қосуды аяқтауды тапсырамын. Цифрландыру министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, дербес деректермен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуі қажет. Осы саладағы заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту керек», - дейді премьер-министр.
Бектенов цифрландыру министрлігіне жыл соңына дейін жасанды интеллект элементтерін іске қосу арқылы «Электрондық үкімет» порталын жаңғыртуды тапсырды.
«Цифрландыру саласы менің жеке бақылауымда болады», - деп атап өтті Бектенов.