Қазақстанда 184 жыл бойы балаларды үздіксіз оқытып келе жатқан мектеп қайда орналасқан
Бұл мектепте ағартушылар мен журналистер де білім алған

Қазақстанда 19-20 ғасырдан бері балаларға үздіксіз білім беріп келе жатқан 97 мектеп пен 12 колледж бар. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ашылғанына 100 жылдан асқан мектептердің педагогикалық ұжымдарының онлайн кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл - ғасырлық тарихы бар білім ошақтарының басын қосқан алғашқы жиын болған. Осы ретте министрлік Семейдегі ескі білім ордасының тарихи суретін ұсынған екен.
«Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан мектебі 184 жылдан бері үздіксіз бала оқытып келеді. 1841 жылы Қазақстан аумағындағы алғашқы бастауыш мектеп болып ашылған бұл қара шаңырақта тұңғыш қазақ ғалымдарының бірі Мұхаммед-Салық Бабажанов, ағартушы Мақаш Бекмұхамбетов, сондай-ақ «Мұғалім» журналының алғашқы редакторы Ғұмар Қараш сияқты тұлғалар білім алған», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қызылорда облысында 164 жылдық тарихы бар №16 мектеп-лицей, Ақтөбе облысындағы 162 жылдық тарихы бар Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Атырау облысындағы 144 жылдық тарихы бар Қызылүй орта мектебі жұмыс істеп тұр.
Осы кездесуде министр жауапты тұлғаларға 100 жылдық мектептер қауымдастығын құрып, оларды қолдау мен дамытудың стратегиясын әзірлеуді тапсырды.