Жетісу облысында төрт ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды
Әр амбулатория 448 шаршы метр аумақты қамтиды және заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында Жетісу облысының шекарадағы Панфилов ауданы Алмалы, Қырыққұдық, Тұрпан және Ақжазық ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Енді бұл ауылдардың 9 мыңға жуық тұрғыны заманауи медициналық ғимаратқа барып көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бұған дейін аталған елді мекендердің ауруханалары ескі еді. Былтыр сәуір айында басталған құрылыс аяқталып, жаңа нысандар Наурыз мейрамына орай есігін айқара ашты. Әр амбулатория 448 шаршы метр аумақты қамтиды және заманауи медициналық жабдықтармен толық жабдықталған.
Жаңа амбулаторияларда күндізгі стационар, оңалту бөлмесі, зертхана және алғашқы көмек көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Бұл медициналық мекемелерде күнделікті ем-шаралар жүргізуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ қажетті дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары қызмет атқарады.
Панфилов аудандық партия филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаевтың айтуынша, бұл жобалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
«Халықтың денсаулығы – елдің басты байлығы. Жаңа амбулаториялардың ашылуы ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттырады. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлетінінің дәлелі. Алдағы уақытта да ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасын табады», – деді Ерлан Оспанбаев.
Жалпы, 2025 жылы Жетісу облысында денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында 35 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункт, 4 жедел жәрдем станциясы және ҚАЖК-нің (Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті) бір медициналық қызмет нысаны салу жоспарланған.
Аймақтағы медициналық инфрақұрылымды дамыту халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып отыр.