Академик Асқар Жұмаділдаев Тоқаевтың екі ерлігін атады
Академик үш жыл бұрын болған қаңтар оқиғасын еске алды

Академик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ерлігін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ерлігін айтқым келеді. Біріншісі, 2022 жылы үлкен сын келді. Қазақ мемлекетінің шаңырағы шайқалды, бірақ құлаған жоқ. Жалауы жығыла жаздады, бірақ құлаған жоқ. Алматы өртке оранды. Мен он екі жасымда Алматыға келдім. Талай жыл Мәскеуде жүрдім. Алматы маған өгей қала көрінетін. Бірақ отқа оранған Алматыны көргенде мен өзімді алматылық сезіндім. Апырмай, біздің басшы не қылады екен? Жалғыз қалды ғой. Бөтен елдің президенттерінің бәрі майданнан қашып кетіп жатты. Осындай күмән туды. Тоқаев сертінен таймады. Туды құлатпады, туды берік ұстады. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші ерлігі», - деді Жұмдаділдаев Мәжілістің отырысында.
Президенттің екінші ерлігі – Ұлттық ғылым академиясын қайта жаңғыртуы.
«Ұлттық ғылым академиясы 1946 жылы құрылған, яғни Кеңес одағының қиын кезеңінде құрылды. Бірінші президент, қазақтың біртуар ұлы Қаныш Имантайұлы Сәтпаев орасан зор жұмыс атқарған. Сол кезде ашылған кен орындары бүгінгі қазақ қазынасына 90 пайызын беріп тұр. Осы кезеңде салынған электр стансалары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Егер оның қосалқы бөлшектерін алып тастасаңыз, ол әлі тағы жүз жыл жұмыс істейді. Бұл білетін адамға ғылымның не екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы құлаған академияны қайта тұрғызды. Бұл ол кісінің екінші ерлігі», - деп санайды академик.
Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі туралы баяндама жасады.