Президент Үкіметке жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысын күшейтуді тапсырды
Еліміз электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингте алғашқы 25 елдің қатарында

Президент еліміздің цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану ісінде еліміз зор жетістікке жете алатынына сенім білдірді. Айтуынша, Қазақстан қазірдің өзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 190 мемлекеттің ішінен алғашқы 25 елдің қатарына кіріп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бірақ, мұнымен шектеліп қалуға еш болмайды. Жоғары технологиялар экономиканың және мемлекетті басқару ісінің барлық саласын дамытуға тың серпін беріп, алға бастайды. Үкімет озық цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға арналған жұмысты еселеп күшейтуге тиіс», - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазірден бастап мәліметтерді сақтайтын және өңдейтін мықты желі түзіп, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауға кірісуіміз керек дейді.
«Цифрландыру ісін табысты жүргізу және жасанды интеллектіні жаппай енгізу еліміздің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты. Әлемнің цифрландыру ісіне және жасанды интеллектіге негізделген жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс екенін түсіну керек. Мұндай жағдайда аймақтағы және дүние жүзіндегі энергия тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан Қазақстан өзін электр қуатымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны әлемдік энергетика нарығына да экспорттайтын ірі елге айналуы керек. Бұл – уақыт талабы», - деді президент.