$ 502.89  527.03  5.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.02.2025, 13:17
Қоғам

Музей енді жоқ: министрлік EXPO шары қалай өзгеретінін айтып берді

Орталықта Google, Telegram, Indrive кеңселері орналасуы мүмкін

Музей енді жоқ: министрлік EXPO шары қалай өзгеретінін айтып берді
Фото: qazexpocongress.kz

Осыған дейін Астанада EXPO көрмесі аумағындағы «Нұр-Әлем» павильон-сферасында жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жазған едік. Шардың ішіндегі «Болашақ энергиясы» музейі бұзылып жатыр. Оның орнына Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы салынбақ. Azattyq Ruhy Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен ЖИ орталығы қандай болатынын сұрап білді.

Цифрлық даму министрлігі Қазақстанды жасанды интеллектіге бағдарланған мемлекетке айналдыру мақсатында халықаралық Alem.AI орталығын құрып жатыр. Орталық ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия және мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі салаларда технологияларды дамытуға бағытталған. Жоба сондай-ақ, инвестиция тарту және стартаптарды қолдау үшін AI экожүйесін құруға ықпал етпек. Бұған қоса орталық жыл сайын жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлап шығарады.

«Орталықта оқушылар мен студенттерге арналған үздік әлемдік тәжірибеге негізделген инновациялық білім бағдарламалары енгізіледі. Жоба аясында жыл сайын түрлі салада 10 мыңнан астам талантты тарту, ЖИ мамандарын оқыту, ЖИ стартаптарын іске қосу және ЖИ саласында ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Жасанды интеллект орталығы «Нұр-Әлем» музейінің ғимаратында орналасады», - деп жауап берді министрлік редакцияның ресми сауалына.

Жуырда президент EXPO аумағында халықаралық ЖИ орталығын құру тұжырымдамасын мақұлдаған.

8 қабаттан тұратын орталықта не орналасады?

1-ші қабатта AI жетістіктері туралы форумдар мен қоғамдық дәрістер өткізуге арналған қоғамдық кеңістік, сондай-ақ AI мұражайы орналасады. Бұл жерде әртүрлі салалардағы әзірлеушілер, студенттер, ғалымдар мен сарапшылар білім алмасады.

Бұдан бөлек, мұнда ЖИ саласындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Компаниялар жұмыс туралы ұсыныстарын, инвесторлар мен серіктестерді тарту үшін тұрақты хакатондар мен стартап конкурстарын ұсына алады.

Ал 2 мен 3-ші қабаттарда TUMO School мектебі ашылады. Мектеп 9-12 сынып оқушыларына арналған. Астанада 42 мыңнан аса оқушы инновациялық ойлауды дамыту және бағдарламалау, робототехника және басқа да креативті технологиялар саласындағы бағдарламаларға қатыса алады.

Екінші қабатта 206-орындық оқу және жаттығу бөлмелері, ал үшінші қабатта тағы 348 орын бар. Ғимаратта топтық сабақтарға арналған аймақтар, конференц-залдар және практикалық жобаларды жүзеге асыруға арналған зертханалар бар.

4-5 қабаттарда Tomorrow School мектебінің студенттері оқиды.

Tomorrow School – Astana Hub технопаркі былтыр қазан айында іске қосқан Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer жасанды интеллект мектебі. Ол тек 01 edu платформасы негізінде жұмыс істейді және алдын ала бағдарламалау дағдыларын қажет етпестен AI саласында тегін білім алу  мүмкіндігін ұсынады.

Tomorrow School мектебінің бірінші және екінші легіне 5 мыңнан астам өтініш түскен. Бірінші лекке 120 адам өтті, олардың 30 пайызы ғана мектепте негізгі оқуға іріктеуден өте алды. Екінші лекте қазір 190 студент оқиды. Орталық аясында бұдан да көп студентке ЖИ дағдыларын үйрету жоспарланып отыр.

6-шы қабатта Стартаптарды жеделдету – AI кампусы орналасады. Оның аясында инновацияларды қолдау, озық технологияларды дамыту және кәсіпкерліктің тұрақты экожүйесін құру арқылы жылына 100 жаңа ЖИ-стартап жоспарланған.

7-ші қабатта жасанды интеллект саласындағы инновацияларды дамытатын ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми зертханалар қарастырылған.

8-ші қабатта GovTech шешімдері мен мемлекеттік процестерді талдау және басқару үшін ситуациялық орталық құру жоспарланып отыр.

«Қазіргі уақытта министрлік ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу және жаңа ЖИ өнімдерін әзірлеу үшін орталықта Telegram, TON, Tether, Indrive, Google, EPAM және тағы басқа компаниялардың кеңселерін орналастыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр», - делінген ресми сауалдың жауабында.

Қазір Astana Hub инфрақұрылымында Playrix, TikTok, inDrive, EPAM, Glovo, DAMUMED, Presight.ai және сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан.

Цифрлық даму министрлігі халықаралық Alem.AI орталығын 2025 жылдың соңында ашуды жоспарлап отыр. Жоба жеке инвестиция есебінен қаржыландырады, деп сендірді меморган.

Серіктес жаңалықтары