$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.02.2025, 11:48
Қоғам

Астанадағы EXPO шары бұзылып жатыр - кезінде көрмеге 543,53 млрд теңге бөлінген

Музейді жасанды интеллект орталығы алмастырады

Астанадағы EXPO шары бұзылып жатыр - кезінде көрмеге 543,53 млрд теңге бөлінген
Фото: qazexpocongress.kz

Астанада EXPO көрмесі аумағындағы «Нұр-Әлем» сферасында реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Енді шардың ішіндегі «Болашақ энергиясы» музейі жұмыс істемейді. Оның орнына Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы салынады. «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы Azattyq Ruhy ресми сауалына осылай деп жауап берді.

Шар тәрізді «Нұр-Әлем» павильон-сферасындағы «Болашақ энергиясы» музейі 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтары музей ішінде жаңартылатын энергия көздерінен қуат өндіретін заманауи технологиялармен танысатын. Ұлттық компанияның ақпаратынша, жеті жыл ішінде EXPO шарындағы музейге 4 миллионға жуық адам келген. Бірақ осы аралықта туристерден қанша пайда түскені белгісіз, QazExpoCongress сауалымызды жауапсыз қалдырған.

Қазір осы «Болашақ энергиясы» музейі бұзылып жатыр, ішіндегі экспонаттарды білім мекемелеріне беру жоспарланып отыр.

«Былтыр желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын құру туралы тұжырымдаманы мақұлдады. Нысанды жаңа жобаға қайта бейіндеу кезінде ғимаратта мұражай жабдықтары мен контентін бөлшектеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда мұражай экспонаттарын еліміздің ғылыми-білім беру және ағарту мекемелеріне тапсыру арқылы сақтап қалу мәселесі пысықталуда», - делінген жауапта.

QazExpoCongress-тен EXPO шарының реконструкциясына қанша ақша бөлінгенін де сұраған едік. Алайда бұл сұрағымызға да жауап келген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 және 2017 жылдар аралығында EXPO аумағындағы объектілерді салуға бюджеттен 543,53 млрд теңге бөлінген болатын.

Серіктес жаңалықтары