Қазақстандықтар енді әуежайда қарызын өтеп, шетелге ұша алады
Оған цифрлық жағдайлар жасалып отыр

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қарызы үшін шетелге шыға алмай қалған қазақстандықтардың мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Цифрлық трансформация кәсіби авиация қауымдастығына ғана емес, миллиондаған жолаушыларға да әсер етті. Бұрын ел ішінде ұшу кезінде азаматтар төлқұжаттарын ұмытып кеткен жағдайда немесе қандай да бір айыппұлдардың болуына байланысты әуежайларда шетелге шыға алмай, күйзелетін. Мұндай жағдайларға көбінесе азаматтар жеке куәлігі, баланың туу туралы куәлігі немесе заңды өкіліне сенімхаты болмаған жағдайларға тап болатын. Мысалы, әжесі немерелерімен бірге жүрсе», - деді Дмитрий Мун.
Оның айтуынша, қазіргі таңда eGov Mobile мобильді қосымшасында отыз бес сандық құжат бар. Оның ішінде: жеке куәлік, туу туралы куәлік, заңды өкілдерге арналған сандық сенімхаттар сияқты құжаттар тізімі бар.
«Цифрлық құжаттардың заңдылығын қамтамасыз ету үшін заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Оның ішінде цифрлық құжаттарды қабылдаудан бас тарту жағдайларын болдырмау үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің ӘҚБтЗ 640-бабына жаңа нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер цифрлық құжаттардың толық танылуын қамтамасыз етеді және оларды барлық ресми процедураларда қолдануға кепілдік береді. Қазіргі таңда цифрлық құжаттар қағаз құжаттарымен бірдей заңды күшке ие.Цифрлық құжаттарды енгізуден басқа, ұшуларды, сапарларды одан да ыңғайлы ететін қосымша қызметтер әзірленді», - деді Мун.
Сондай-ақ ол ұшуға тыйым салуды тексеру сервисі жайлы да айтып берді.
«Бұл құрал азаматтардың қарыздарына байланысты шетелге шығуға тыйым салуды дереу тексеруге мүмкіндік береді. Тыйым анықталған жағдайда, пайдаланушы банктік цифрлық қызметтер арқылы қарызын бірден төлей алады.Төлем төленгендігі расталғаннан кейін әуежайдағы бөлек күтпеген жағдайларды қоспағанда, азаматқа шетелге шығуға тыйым алынып тасталынады», - деді ол.