Қазақстандағы жаңа білім стандарты: оқулықтардың саны қысқара ма
Кейбір пәндер бір-біріне кірігіп кетеді
![Қазақстандағы жаңа білім стандарты: оқулықтардың саны қысқара ма](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/07/67a5adf472cd6389791300.jpeg)
2026 жылдан бастап мектеп оқулықтары жаңартылған білім беру бағдарламасына сай өзгереді. Кейбір пәндер біріктіріліп оқытылады. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Химия, физика, биология пәндерін жаратылыстануға, дүниежүзі тарихы, құқық негіздерін әлеуметтануға, алгебра мен геометрияны математика ғылымдарына біріктіруге болады», - деді ол.
Руслан Қаратабанов бұл өзгерістің міндетті емес шара екенін атап өтті.
«Әр мектеп өз таңдауына қарай пәндерді біріктіріп не дәстүрлі қалпында қалдырып оқытуына болады. Жаңа стандартта бұл қарастырылған. Соған сай оқу бағдарламасы да беріледі», - деді ол.
Айтуынша, оқулықтардың мазмұнында соншалықты өзгеріс бола қоймайды, дегенмен кейбір тапсырмалар жасанды интеллекттің мүмкіндігін қолдануға бағытталады. Мәселен, виртуалды зертханалар биология, химия және физика сабақтарында, диалог жүргізуге арналған қосымшалар тіл сабақтарында, ақпараттық жүйелер география сабағында қолданылады.