Цифрландыру қазақстандықтардың өмірін қалай жеңілдетті
Азаматтардың 93 пайызы eGov порталы арқылы онлайн қызметтерге қол жеткізе алады
![Цифрландыру қазақстандықтардың өмірін қалай жеңілдетті](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/07/67a5ac3273f02537239982.jpeg)
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрландырудың мемлекеттік қызметтерге оң әсері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Цифрлық технологиялар арқылы біз азаматтардың күнделікті өмірін барынша жеңілдетуге және барлығына тең мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниеттіміз. Ол үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың сапалы жаңа форматына көшу керек. Оның мәні мемлекеттік саясаттың басты бағыты адамға, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталғандығында», – деген еді.
Министр 2024 жылы Қазақстан мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Цифрлық трансформацияның нормативтік және әдіснамалық негіздері әзірленді, сараптамалық база қалыптасты және түрлі салаларда ауқымды реформалар басталды.
«Цифрлық трансформацияның негізгі құралдарының бірі бизнес-процестерді қайта құру болды. 1200-ден астам мемлекеттік үдерісті қайта қарау нәтижесінде 23 мемлекеттік органда 468 бизнес-процесс оңтайландырылды, бұл олардың орындалу мерзімін орта есеппен 45%-ке қысқартуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 98 процестің реинжинирингі қызмет көрсету мерзімінің 55%-ке қысқаруына әкелді. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 55% және 85%-ды құрады», - дейді ведомство.
Жылдың басты жетістігі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттыру болған. БҰҰ деректеріне сәйкес, Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша топ-10 елдің қатарына кіріп, цифрландыру деңгейі бойынша 193 мемлекеттің ішінде 24-орынды иеленді.
«Қазір халықтың 93%-дан астамы eGov порталы арқылы электрондық қызметтерге қол жеткізе алады. Мемлекеттік қызметтердің 90,8%-і смартфондар арқылы қолжетімді. Биометриялық сәйкестендіру мен QR-қолтаңбаларды енгізу электрондық қызметтерді алу процесін жеңілдетті — бір жыл ішінде қазақстандықтар QR-кодтар арқылы 23 миллионнан астам құжатқа қол қойды», - делінген хабарламада.
Қазақстандағы цифрлық трансформация мемлекеттік қызметтерді неғұрлым қолайлы, қолжетімді және тиімді етуге бағытталған, деп атап өтті министрлік.
Қазақстандықтар үшін нақты пайдасын көрсеткен бірнеше цифрлық шешім:
- сандық әскери билет қағаз құжаттарын толығымен ауыстырды;
- балабақшаға онлайн тіркелу ваучерлік қаржыландыру жүйесінің арқасында процесті ашық етті;
- «Еуропалық хаттама» сақтандыру төлемін алу мерзімін 40 күннен 5 күнге дейін қысқартып, полицияның қатысуынсыз ЖКА ресімдеуге мүмкіндік берді;
- атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру азаматтарға қаржылық жүктемені азайта отырып, жеке сот орындаушыларының қатысуын болдырмады;
- цифрландыру балабақшаларға, мектептерге, жоғары оқу орындары мен жатақханаларға түсуді жеңілдетті, сондай-ақ денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тіркеу қызметтеріндегі процестерді оңтайландырды.
Цифрлық даму министрлігі биыл 44 мемлекеттік қызметтің мерзімін қысқарту, 20 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру, сондай-ақ 35 мемлекеттік қызметті трансформациялауды жоспарлап отыр.
«Цифрлық трансформацияның нәтижелері бүгінде миллиондаған қазақстандық үшін айқын. Әрбір жоба мемлекеттік қызметтердің ыңғайлығын, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Цифрландыру деңгейін арттыру білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті жақсартады, оларды ыңғайлы және әділ етеді. Қазір көптеген мемлекеттік қызмет онлайн-форматта, кезексіз және қосымша бюрократиялық рәсімдерсіз қолжетімді», - деп мәлімдеді ведомстводағылар.