«Бір млн адамда зейнетақы жинағы жоқ»: депутат еңбек нарығындағы күрделі проблема жайлы айтты
Ал 3,5 млн адам медициналық сақтандыру жарнасын төлемей отыр

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев елдегі жұмыссыздық есебі дұрыс көрсетілмей отырғанын айтып, осы саладағы проблеманы көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жұмыссыздық мәселесі — бүгінгі күннің ең өзекті әлеуметтік проблемаларының бірі. Мемлекет басшысы бірнеше рет халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудің стратегиялық маңызын атап өткен. Алайда бұл бағытта жауапты министрліктердің әрекеттері күмән тудырады. Соңғы 15 жылдағы жұмыссыздық деңгейінің әдейі төмен көрсетілуі жағдайдың шынайы көрінісін бұрмалауға алып келді. Ресми деректер бойынша жұмыссыздық деңгейі 4-5% деп көрсетіледі. Бірақ бұл мәлімет үкімет тарапынан қалыпты жағдай ретінде қабылданып, нақты мәселені шешуге кедергі келтіріп отыр», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, Еуропа елдеріндегі жағдайды қарасақ, Финляндия, Франция, Италия және Испания сияқты мемлекеттерде жұмыссыздық деңгейі 7-12% аралығында.
«Бұл елдерде жұмыссыздық туралы мәліметтер объективті көрсеткіштерге негізделеді. Ал Қазақстанда жұмыссыздықтың шынайы деңгейі мүлдем басқа. Ресми есептеулерде жұмыспен қамтылғандар қатарына маусымдық жұмысшылар, қоғамдық жұмыстарға уақытша тартылғандар және екі миллионға жуық тұрақты табысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар енгізіледі. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, нақты жұмыссыздық деңгейі 12%-дан кем емес және бұл шамамен 1 миллион адамды құрайды», - деді Бейсенбаев.
Депутат атағандай, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің 40%-ы бірінші жылы жұмыс таба алмайды, ал 60%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
«Еңбек нарығында жалақының едәуір бөлігі көлеңкеде қалып отыр, бұл зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру жүйесіне кері әсерін тигізуде.1 миллионнан астам азаматтың зейнетақы жинағы жоқ, ал 3,5 миллион адам медициналық сақтандыру жарналарын төлемейді.Жалпы алғанда, 3 миллионнан астам қазақстандық мемлекеттік жүйеден тыс қалып отыр. Олар кездейсоқ табыс табады және ресми есепке алынбайды. Бұл экономикалық белсенді халықтың төрттен бір бөлігіне тең»,- дейді ол.
Депутат бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс жасады:
- Ұзақ мерзімді тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған кешенді стратегия әзірлеу;
- Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы нақты мәліметтер жинау әдістерін жетілдіру;
- Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион азаматты есепке алу, зейнетақы жарнасы жоқ 1 миллион адамды қамту;
- 2 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін ресмилендіру.