Мәжіліс депутаты отандық IT мамандарын қолдауға шақырды
Екатерина Смышляева Astana Hub-қа жалға берілетін ғимараттарды меншігіне беруді ұсынды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында IT индустрияның бәсекелестік позицияларын қолдау және күшейту туралы мәселені қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол президенттің Үкіметке жасанды интеллектті мемлекеттік басқару жүйесіне енгізуді тапсырғанын ескере отырып, оның экономикалық тиімді жолы - еліміздегі IT индустрияға көңіл бөліп, отандық өнімдерді пайдалану екенін айтты.
«Жақында біздің бағдарламашылар керемет жобаларын паш еткен Digital Almaty халықаралық цифрлық форумы өтті. Мамандардың көпшілігі Astana Hub резиденттері. Бәрімізге мәлім, бұл қазақстандық цифрлық технопарк IT кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие, бүкіл әлемге танымал және әлеуеті зор. Бүгінгі таңда Astana Hub қатысушыларының саны 1,5 мыңнан асты, онда 26 мыңнан астам маман жұмыс істейді. 2024 жылғы резиденттердің кірісі 1,3 миллиард долларды құрады. Соныдқтан жоба өзін анық ақтады деп сеніммен айтуға болады», – деді Екатерина Смышляева.
Алайда, оның айтуынша, технопарктің жұмысын әрі қарай дамыта түсу үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет.
«Біріншіден, мемлекеттік бюджеттен Astana Hub-ты ұстауға бөлінетін 1,5 миллиард теңге тікелей «Қазэкспоконгрес» АҚ квазимемлекеттік кәсіпорнының қалтасына түседі. Өткені кәсіпорын Astana Hub-қа ғимаратын өте қымбатқа жалға беріп отыр. Astana Hub өзінің отыратын орны жоқ бірден-бір технопарк. Әлемдік тәжірибеде мұндай ұйымдардың өз ғимараты, өзіне тиесілі аумағы бар. Екіншіден, міндетті түрде өңірлерде хабтар желісін дамытуға көңіл бөлу керек. Мәселен, Қазақстандағы ең табысты стартапты жасаған өскемендік жігіт жылына 20 миллион доллар табыс тауып отыр. Бүгінде өңірлерде қаншама осындай талантты жастар бар екенін білмейміз», - деп атап өтті депутат.
Екатерина Смышляева ел ішінде индустрияны дамыту үшін сұранысты дұрыс ұйымдастыру маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет - ішкі нарықтағы ең ірі тапсырыс беруші, алайда, IT саласында мемлекеттік сатып алу тәртібі шиеленіскен. Ал салықтан босатылған Astana Hub резиденттері үшін заңда тиісті норма болса да, олардың қаржылық тұрақтылығын анықтау тәртібі әлі әзірленбеген. Нәтижесінде біздің отандық нарық импортқа жүгінуге мәжбүр. Біз кәсіпкерлерімізді кім үшін өсіріп жатырмыз? Түптеп келгенде цифрлық өнімдерді шығару тек экономикалық мәселе емес, ол технологиялық тәуелсіздік мәселесі.
Төртіншіден, пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компаниялар (жер қойнауын пайдаланушылар) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсауға міндетті бюджеттің 1% - ы үшін бірнеше жыл бойы күрес жүргізіліп келеді. Бәрі тумаған сиырдың уызына таласып отырғанда, ғылым мен инновацияның деңгейі құлдырап барады. Ал жасанды интеллект дәуірінде бұған уақыт жоқ», - деп атап өтті ол.
Біреудің инновациялық шешімдеріне ауыз ашып отырмау үшін, қолда бар кадрлардан айырылмау үшін тәсілдерді өзгерту керек екенін айтады депутат.
«Бүгінде зерттеу жұмысын жасап, оны қолданысқа енгізуге жыл емес, санаулы күн жеткілікті болып қалды. 26-27 жас аралығындағы жастар IT саласындағы жаңалықтарды ашып жатыр. Сондықтан қолданбалы ғылым мен инновацияны қаржыландырудағы сұраныс пен ұсыныс жүйесі ашық, мобильді және қолжетімді болуға тиіс», - деді Екатерина Смышляева.
Елдің IT-индустриясының бәсекелестік позицияларын қолдау үшін «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мыналарды қажет деп есептейді:
1. Ғимараттарды жалға алуға қаражат бөлуді тоқтатып, технопарк балансына өз бетінше басқаруға және күтіп ұстауға беру;
2. Жалға алуға беріліп келген 1,5 миллиард теңге өңірлердегі IT саласын дамытуға бағытталуы керек;
3. Мемлекеттік сатып алу жүйесі үшін отандық бағдарламалық өнімдердің локализация деңгейін бағалау әдістемесін жасау қажет. Осы бағалау негізінде, жергілікті бағдарламашыларды қолдау шараларын қабылдау керек. Бұл үшін сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету реестрін және отандық өндірушілердің реестрін қолдану ұсынылады.
4. Astana Hub резиденттерінің қаржылық тұрақтылығын олардың технопарктегі резиденттік мәртебесі үшін төлеуге міндетті жарналар негізінде бағалау қажет.
5. Отандық стартаптар үшін, әсіресе жасанды интеллект саласында – ашық конкурс іріктеулерінің жеңімпаздары үшін мемлекеттік сатып алуларда «арнайы жолақ» бөлу қарастырылуы тиіс.
6. Өндірісті жақсарту бойынша ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға қаражатты бөлудің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылар қорын инновациялардың бірыңғай терезесімен біріктіру.
«Қолдау мен сенім бар жерде инновациялық жобалар дүниеге келеді. Біздің бағдарламашылар әлемдік деңгейге шығып, өздерін дәлелдеп үлгерді. Олар шетелге емес, өз елімізге қызмет етсін десек, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізіп, қолдау көрсетуді жалғастыру қажет», - деп сөзін түйіндеді депутат.