$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.12.2024, 11:32
Қоғам

Ақтауда ұшақ апатынан аман қалған әйелдің кім екені анықталды

Қазір алты адам жансақтауда жатыр

Ақтауда ұшақ апатынан аман қалған әйелдің кім екені анықталды
Фото: Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы

Ақтауда ұшақ апатынан аман қалып, ауруханаға түскен бір азаматтың кім екені анықталды. Зардап шеккен бір әйел Әзербайжан азаматы болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, барлық пациент диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алып жатыр.

«Тергеу органдары екі пациенттің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Олардың бірі Әзербайжан азаматы екені анықталды», - делінген хабарламада.

Қазір 20 науқас дәрігерлердің бақылауында, олардың алтауы жансақтау бөлімінде жатыр. Екі науқас травмотология бөлімшесіне ауыстырылған. Бүгін таңертең Ресей ТЖМ санавиациясы өз азаматтарын елге алып кеткен.

Ұшақ апатынан аман қалғандар мен олардың туыстарына психологтар көмектесіп жатыр.

Естеріңізге салайық, «Әзербайжан әуе бағыттары» әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы 25 желтоқсан күні Ақтау түбінде құлады. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстаннан барлығы 67 адам, соның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, 29 адам тірі қалған.

Серіктес жаңалықтары