$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.12.2024, 10:26
Қоғам

Мәулен Әшімбаев Сенат отырысын Ақтаудағы ұшақ апатынан бастады

Сенат спикері марқұмдардың жақындарына көңіл айтты

Мәулен Әшімбаев Сенат отырысын Ақтаудағы ұшақ апатынан бастады
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның кезекті отырысын Ақтау түбінде құлаған ұшақта қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтудан бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кеше Маңғыстау облысында болған ұшақ апаты бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Өкінішке қарай апат салдарынан экипаж мүшелері мен жолаушылар қаза тапты. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да бар екені белгілі. Осыған байланысты барлық қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», - деді Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат спикері төтенше жағдайға байланысты президенттің тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салды.

«Соған сәйкес тиісті органдар дереу іске кірісіп, құтқару операциялары аясында қажетті шаралар қабылданды. Дер кезінде қолға алынған осындай жұмыстар зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз және соған тілектестігімізді білдіреміз», - деді палата төрағасы.

Естеріңізге салайық, 25 желтоқсан таңертең Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы Ақтау түбінде құлады. Бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстаннан барлығы 67 адам, соның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапқан, 29 адам аман қалды. Өкінішке қарай, тірі қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ.

Серіктес жаңалықтары