$ 525.11  546.74  4.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2024, 10:45
Қоғам

Қазақстанның алты облысы тірі туған 277 сәбиді өлдіге санап жіберген - ол үшін дәрігерлер қалай жазаланды

Маңғыстау облысы тіпті шыны құтыларды ерте жойып жіберген 

Қазақстанның алты облысы тірі туған 277 сәбиді өлдіге санап жіберген - ол үшін дәрігерлер қалай жазаланды
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Осыдан тура бес жыл бұрын экс-министр Елжан Біртанов Сенаттағы бір отырыста дәрігерлер 277 нәрестенің өлімін жасырғанын мәлімдегені естеріңізде шығар. Денсаулық сақтау министрлігі сол жылдары Атырауда тоңазытқышта өлген сәбидің оқиғасынан кейін бүкіл перзентханаға аудит жүргізген. Орталықтан басталған тексеріске Маңғыстау облысы ғана қатыспапты, неге екені белгісіз, олар шыны құтыларды ерте жойып жіберген. Ал қалған өңірлердегі аудит қорытындысы сұмдық жайттың бетін ашқан еді. Адам өміріне араша түсуге ант қабылдаған дәрігерлер статистиканы жақсарту үшін тірі туып, артынша шетінеп кеткен 277 шақалақты «өлі туды» деп жазған. Azattyq Rýhy статистиканы адам өмірінен жоғары қоятын медицина қызметкерлері қандай жаза алғанын анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдаған еді. 

Мемлекеттік органның жауабына сүйенсек, 2019 жылы денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті 2018 жылы сәбилердің өлі туу жағдайларына талдау жүргізген. Талдауға өңірлердің патологанатомиялық зерттеу материалдары – шыны құтылар мен патологиялық-анатомиялық зерттеу хаттамасы алынған.

«Талдау барысында есепке алынбаған 277 ерте неонаталдық өлім-жітім жағдайы анықталды. Есепке алынбаған ерте неонаталдық өлім-жітім еліміздің 6 өңірінде – Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген», - дейді ДСМ.

Яғни осы алты облыстың перзентханаларында дәрігерлер 277 сәбидің өлімін жасырған. Осы «қылмысы» үшін жұмыстан босатылмаған, жай ғана тәртіптік жаза алған. Тірі туған сәбилерді құжат бойынша «өлтіріп қойған» дәрігерлер қазір де сол ауруханаларда істеп жүрген болуы мүмкін.

«Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеген қызметкерлердің мәліметтері бойынша дәрігерлерге қатысты тәртіптік жаза қолданылды. Алайда ескіру мерзіміне байланысты растайтын құжаттаманы ұсыну мүмкін емес», - деп ақталды ведомстводағылар.

Осындай жағдайларды болдырмау үшін қазір Қазақстан акушер-гинекологтар және неонатологтар конгресі үнемі жасырын аудит жүргізетін көрінеді.

Естеріңізде болса, 2019 жылы Атырау перзентханасында болған сұмдық оқиға бүкіл елді шулатқан еді. Перинаталды орталықта дәрігерлердің қателігінен жаңа туған сәби құжатқа «өлді» деп жазылған. Ақхалаттылар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен, сәбиді аман алып қалуға тырыспаған. Сот үкімімен облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушерка Жәмила Құлбатырова 15 жылға сотталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, UNICEF-тің «Child Mortality Report» 2023 жылғы есебіне сәйкес Қазақстан әлемдік рейтингте нәресте өлімі бойынша 42-ші орында тұр.

Серіктес жаңалықтары