Тоңазытқышта көз жұмған нәресте өлімі: айыпталушылар сот үкімімен келіскен жоқ
Судьяға қарауылдардың көмегі қажет болды
Кеше Атырауда «Жаңа туған нәресте өлімі туралы іс» бойынша облыстық перзентхананың бас дәрігері мен қылмысқа қатысы бар басқа да қызметкерлерге қатысты сот үкімі шықты.
Облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Орталықтың акушер-гинекологы Асқар Қайыржанды 16 жыл бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты. Акушер Жамила Құлбатырованы 15 жылға соттау туралы үкім тағайындалды. Сонымен қатар неонатолог-дәрігерлер Нұрмұхамбетов пен Жұмабаеваны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Алайда, айыпталушылардың дені сот шешімімен келіспейтінін айтты. Өзіне қатысты жаза мерзімін (16 жылға бас бостандығынан айыру) естіген акушер-гинеколог Асқар Қайыржан «Мен келіспеймін!» деп, айыпталушыларға арналған кабинаның әйнегін ұра бастады. Содан кейін судья Гүлмира Дәулетова қарауылдардан оны залдан алып кетуді сұрады. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
Қуаныш Нысанбаевқа (18 жыл бас бостандығынан айыру) қатысты шығарылған сот үкімін естіген оның әйелі судьяға қаратып «Cіздерді Антикор басқарып отыр» деп айқайлай бастады. Сот приставы «Осы жеті ай бойы не тыңдады?!» деп айқайлаған әйелді сот залынан шығарып жіберді.
Судья сотталушылардан «үкім түсінікті ме?», деп сұрады. Нысанбаев «ештеңе түсінікті емес» деп, әділ соттың болмағанын және «Әлімбаева неге мұнда жоқ (кезекші неонатолог - А.С.), баланы бірінші болып тексерген сол ғой!» деп дауыстады. Оны да қарауыл сот залынан алып кетті.
Акушер Жамила Құлбатырова (ол 15 жылға сотталды) да сот үкімімен келіспейтінін айтты.
«Дәрігерлердің айтқанын істедім, еш кінәм жоқ!», - деді Құлбатырова айқайлап.
Судья сотталушылар мен адвокаттарға 15 күн ішінде апелляциялық шағым беруі керек екенін ескертті.