Мексикада жерлеу рәсіміне қатысқан 16 адам коронавирустан қайтыс болды
Қайғылы оқиға Тултепек қаласында оры алған
Мексикада коронавирустан қайтыс болған адам о дүниеге өзімен бірге 16 адамды ала кетті. Олардың бәрі марқұмның жерлеу рәсіміне қатысқан бір әулеттің адамдары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
16 адамның барлығы коронавирус инфекциясынан көз жұмған.
Тултепек қаласының тұрғыны Хосе Мартин Чавес Энрикестің айтуынша, 2020 жылы оның алыс туысы COVID-19-дан қайтыс болып, оның жерлеу рәсіміне туыстары барған. Қаралы жиынға қатысушылардың көбі коронавирус жұқтырып қайтқан. Салдарынан Хосе Мартин өткен жұмада анасы мен атасынан айрылып қалған. Олар емханада дертті еңсере алмай, көз жұмыпты.
Сонымен қатар оның ағалары, әпкелері мен өзге де жақын туыстары коронавирустан көп ұзамай қайтыс болған екен. Бүгінде Хосе бір емес, 16 бірдей жақын туысынан айырылып отыр.
"Менің жылауға да уақытым болмады, бір орында қатып қалғандай күйде болдым. Вирус менің отбасымды ойран қылды, ет жақындарымның барлығын дерлік алып кетті. Олар ауырып, бірінен соң бірі өліп жатты", - дейді Хосе Мартин.
Жігіттің өзге де туысқан ағалары мен әпкелері коронавирустан марқұм болған. Ол әкесінің әлі COVID-19 індетінен айыға алмай жатқанын, ал әпкесі жазылып кеткенін айтты. Қайғы жұтқан жігіт "барлық адамдар өздеріне және жақындарына қамқорлық жасап, аурудан қорғанудың қаншалықты маңызды екенін білсе екен" дейді. Сол себепті, ол бұл қайғылы жағдай туралы көпшілікке бұқаралық ақапарат құралдары арқылы айтып беруді жөн санаған. Хосе өздері жасаған қателікті өзгелердің қайталамауына кеңес береді.