$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.12.2024, 16:02
Қоғам

«Клиентті алдап-арбағанды жақсы көреді»: Қазақстандағы Toyota-ның ісінен шикілік шықты

Жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде ұсыну тәжірибесі де қалыптасқан

«Клиентті алдап-арбағанды жақсы көреді»: Қазақстандағы Toyota-ның ісінен шикілік шықты
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Әйгілі Toyota компаниясының Қазақстанда заңсыз әрекеті әшкере болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2020-2021 жылдары Алматыда сатылған автокөліктердің 82%-дан астамында жабдықтар қосымша ақыға салынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомсвто мәліметінше, бұл жабдықтың құны 3 млн теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттар бойынша үстеме баға 200%-дан асып кеткен. Осылайша, жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықтарды мәжбүрлі түрде ұсыну тәжірибесі де қалыптасқаны анықталды.

«Тергеу нәтижелері компания тарапынан даулауға түскенімен, 2024 жылдың соңында Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты агенттіктің тергеуін заңды деп таныды.

Алматы қаласы бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жаңа жеңіл автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықтарды мәжбүрлеп ұсыну фактілері бойынша компанияға монополистік қызметтен түскен табыс (пайда) көлемінің 5%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Ақшалай түрде айыппұл сомасы 88 млн теңгені құрады», - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарламасында.

Біз осы тұста Toyota компаниясынан екі көлік алған Астана тұрғыны Рамазан Бауыржанұлымен (аты-жөні өзгертілді) тілдесіп, қызметкерлерінің құйтырқы әрекеттері туралы ойын білдік.

«2018 жылы өзім жаңа шыққан Camry 70 көлігін алдым. Өзім көлік саласынан біраз хабарым болған соң менеджерлердің айла-шарғысына түсе қойған жоқпын. Көлікке қажет деген автооталдырғышы бар дабыл жүйесін, мотордың астыңғы бөлігін қорғайтын темір қоршауды, терезесін қараңғылататын тонировканы және багаж бөлігіне полик қана қойдырдым. Соның өзінде 13 млн теңге тұратын көлігіме 300 мың теңгеге жуық қосымша төлеп шықтым.

Ал әкем 2021 жылы Camry 75 көлігін алды. Мен жоқта барып алған. Үлкен кісі болған соң менеджер әкеме керек емес жабдықтар орнатқызыпты. Көліктің бампері мен екі есігін автопленкамен брондатқан. Нарықта 150 мың теңге тұратын пленкаға 500 мың теңге төлеткен. Көлік 19 млн теңге тұрса, қосымша жабдықтарына 1 млн теңгеге жуық ақша кетті.

Toyota компаниясының көліктері жақсы болғанмен, Қазақстандағы, әсіресе Астанадағы қызметкерлеріне көңіл толмайды. Клиентін алдап-арбағанды жақсы көреді», - деп ашынды Рамазан Бауыржанұлы.

Серіктес жаңалықтары