Басқа елге қару тасыған: Қазақстанда ескі ұшақтарға неге жүк тасымалдауға тыйым салынғаны белгілі болды
БҰҰ тарапынан осындай ұсыныс түскен

Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы үкімет сағатында әуе тасымалындағы шектеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, қазір Қазақстанда жүк тасымалы үшін қолдану мерзімі 25 жылдан асқан ұшақтарды пайдалануға ұлттық заңнамамен тыйым салынған. Ал жолаушылар тасымалында мұндай жас шектеуі жоқ.
«Яғни біз жолаушыларды ескі ұшақтармен тасымалдай аламыз да, бірақ жүк тасымалы үшін, мысалы тірі малды жаңа әуе кемелерімен ғана тасымалдауымыз керек. Бұл талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына сәйкес келмейді және отандық жүк әуе тасымалдаушыларын бәсекеге қабілетсіз етеді. Неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Неліктен жылдар бойы бұл мәселе шешілмеді? Министрлік бұл шектеулерді жоюды немесе оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді жоспарлап отыр ма?», - деп сұрады Нәжметдинұлы көлік министрінен.
Марат Қарабаев қазір жолаушылар тасымалындағы ұшақтардың орташа жасы 10 жыл екенін атап өтті.
«Егер ұшақтар ескі болса, олар жолаушылар тасымалы үшін тиімсіз болып қалады. Сондықтан компаниялар өздері ұшақтарын ауыстыруға әрқашанда өздері ынталы. Ал жүк тасымалына 25 жылдан асқан ұшақтарды пайдалануға 2021 жылы тыйым салынды. Біріккен Ұлттар ұйымы тарапынан бізге ресми ұсыныс түсті. Оған мына оқиға себеп болған. Қазақстанда тіркелген бір ұшақ эмбарго салынған кейбір жерлерге қару-жарақ тасумен айналысқан. Бұл өте үлкен қауіп. Бұл ұшақтың иесі шетел азаматы, ұшақ Қазақстанда мүлде жүрмеген. Олар не үшін мұнымен айналысады? Өйткені мұндай ұшақтың бағасы өте төмен, егер бір жерде оны ұстап, алып қойса да, сол ұшақты бере салады. Сондықтан осындай тәуекелге бармау үшін біз осындай шешім қабылдадық»,- дейді Қарабаев.
Министрдің айтуынша, бұл халықаралық тәжірибе, мұндай шектеу Моңғолияда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Еуропа елдерінде бар.
«Есіңізде болса, күні кеше Қырғызстанның бір ұшағымен дәл осындай жағдай болды. Қырғызстанда тіпті 25 жылдан асқан ұшақтарды өз елінде тіркеуге мораторий жарияланды. Сондықтан біз Қазақстанның халықаралық имиджі, өзіне алған халықаралық міндеттемелерді сақтау үшін бұл нормаға осындай тосқауыл қойдық», - дейді Қарабаев.