«Отандық бизнестің дамуына кедергі келтіреді»: депутат экологиялық стандарт мәселесін көтерді
Көлік министрі бұл пікірмен келіспейді
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы қазақстандық тасымалдаушыларға арналған экологиялық стандарттар отандық бизнестің дамуын тежеп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды транзиттік мемлекет ретінде стратегиялық орынға ие, алайда транзиттік тасымал мен көлік саясаты саласында шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблема бар. Солардың бірі тасымалдаушыларға арналған экологиялық стандарттар.
«Қазір қазақстандық тасымалдаушылар автопаркті жаңарту барысында қатаң экологиялық стандарттарды, кем дегенде Еуро-4 сақтауға міндетті, яғни одан төмен деңгейдегі автокөлікті әкелуге тыйым салынған. Ал шетелдік тасымалдаушылар біздің жолдарды кез келген экологиялық стандарттағы автокөліктермен еркін пайдаланады. Бұл отандық бизнесті тең емес жағдайға қояды және оның дамуына кедергі келтіреді. Министрлік бұл жағдайдан хабардар ма? Егер хабардар болса, онда отандық және шетелдік тасымалдаушыларға қойылатын талаптардағы мұндай алшақтыққа неге жол беріліп отыр? Соңғы 15 жылда осы теңсіздікті жою үшін неге ешқандай шаралар қабылданбады?» - деп сұрады Болатбек Нәжметдинұлы көлік министрінен.
Марат Қарабаев экологиялық жағдайды жақсарту үшін осындай талап қойылғанын растады.
«Елімізде тек қана Еуро-5 тіркеледі деп тосқауыл қойдық. Басқа елдер ондай тосқауыл қоймаған. Сондықтан басқа елдердің көлігі біздің елімізге келіп жатыр, егер оларды мүлде жүргізбейміз десек, біздің транзиттік әлеуетіміз төмендейді. Біздің елге тіркеуге тосқауыл қойылды, бірақ көліктің өтуіне тосқауыл қойылған жоқ. Біз мұны қазақстандық жүргізушілер үшін теңсіздік деп есептемейміз», -деп жауап берді көлік министрі.