Әлихан Смайылов қазіргі премьер-министр Олжас Бектеновке қандай кеңес берді
Смайылов Үкіметті екі жыл басқарған

«Қаңтар оқиғасынан» кейін премьер-министр қызметіне тағайындалып, Үкімет тізгінін екі жыл қолында ұстаған, ал қазір Жоғары аудиторлық палатаны басқарып отырған Әлихан Смайылов ізбасары Олжас Бектеновке кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс кулуарында редакция тілшісі Әлихан Смайыловтан экс-премьер ретінде Үкіметтің қазіргі басшысы Олжас Бектеновке қандай ақыл-кеңес берер едіңіз деп сұрады.
«Енді, қазіргі экономикалық жағдай бойынша ішкі нарықтағы кәсіпкерлік белсенділікті ұлғайту керек. Инвестициялық белсенділікті көтеру керек және Ұлттық банкпен бірлесе отырып, валюталық тұрақтылықты қамтамасыз ету керек», - деп қысқа қайырды Смайылов.
Естеріңізге салайық, биыл ақпан айында Қазақстан үкіметі отставкаға кетіп, Әлихан Смайыловтың орнына Олжас Бектенов премьер-министр болған.
Араға екі ай салып Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы қызметіне тағайындалды.