$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.12.2024, 17:04
Қоғам

Елдегі орташа жалақыны есептейтін Ұлттық статистика бюросының басшысы 1 млн теңге алатын болып шықты

Қазақстанда орташа жалақы 400 мың теңгеге жақын

Елдегі орташа жалақыны есептейтін Ұлттық статистика бюросының басшысы 1 млн теңге алатын болып шықты
Фото: Azattyq Rýhy видеосынан скрин

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Azattyq Rýhy тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында елдегі орташа жалақы қалай есептелетінін түсіндіріп, өзінің ай сайынғы айлығын атады.

Мәжіліс кулуарында редакция тілшісі Ұлттық статистика бюросы жариялайтын елдегі орташа жалақыға халық көбіне сенбейтінін және наразылығын тудыратынын алға тартып, орташа айлықтың қалай есептелетінін сұрады.

«Өздеріңіз білетіндей, біз тек қана орташа мәліметті алмаймыз. Бізде медиандық жалақы бар, одан кейін модальдық жалақы бар. Медиандық жалақы қазір, қателеспесем, 285 мыңдай. Ал модальдық жалақы 97 мыңға жақын. Соларды да есепке аламыз. Одан кейін біздің еліміз үлкен, әр жиырма өңірде өзінің орташа жалақысы әртүрлі. Ең төмен орташа жалақы оңтүстік өңірлерде. Батыста сәл көбірек. Ең жоғары орташа жалақы –  Атырау облысында. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 300 мың теңгеге де жетпейді. Ол да бір көрсеткіш», - дейді Тұрлыбаев.

Ұлттық статистика бюросы жалақы бойынша сауалнаманы әр тоқсан сайын жүргізеді екен.

«Әр өңірдегі кәсіпкерлерден қанша адам жұмыс істейді, олардың жалақылары туралы ақпарат сұратамыз. Кейін солардың барлығын қосып, елдегі орташа жалақыны есептеп шығарамыз», - деп түсіндірді бюро басшысы.

2024 жылғы III тоқсанда Қазақстандағы орташа айлық жалақы 390 328 теңгені құраған. Ұлттық статистика бюросының басшысы бұдан екі жарым есе көбірек алатын болып шықты.

«Менің айлығым орташа республикалық жалақыдан көбірек. Екі есеге көп. Бір миллиондай аламын», - деп жауап берді Мақсат Тұрлыбаев.

Серіктес жаңалықтары