Въетнамда демалғысы келген астаналықтар алаяққа алданды
Күдікті алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған
Елордалық полицияға қала тұрғындары шет елге жалған билет сатты деген айыппен арыз түсірген. Күдіктінің жәбірленушілерге арзан бағада Вьетнамға әуе билеттерін сату жөнінде ұсыныс білдіргені мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Елорда тұрғындар билеттерді онлайн төлеммен алған. Алаяқ жәбірленушілерге жалған билеттің электрондық нұсқасын жіберген. Ұшатын күні әуежайда жәбірленушілер алданғандарын түсініп, сан соғып қалған.
«Нұра ауданының Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алаяқтық жасаған 33 жастағы күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу кезінде күдіктінің тағы 70 ұқсас қылмысқа, соның ішінде Алматы қаласында да, қатыстылығы анықталды», - делінген хабарламада.
Осылайша жалпы 20 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Күдікті алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қылмыскер уақытша ұстау изоляторына қамалды.