Бюджеттен алатын ақшасы азайған Назарбаев университеті жаңа «айлаға» көшкен
Депутат Асхат Аймағамбетов бұл қадам сапаға қауіп төндіре ме деп күдіктенеді
Назарбаев университеті ақылы оқуға түсетін балалардың талабы әлдеқайда жеңілдегенін жариялаған. Депутат Асхат Аймағамбетов бұл білімге жол ашу ма, әлде оқу сапасына төнетін қауіп пе деген мәселелерді талдап берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутат Аймағамбетовтің пайымынша, университеттің бұндай қадамға баруына бюджеттен бөлінетін қаржының азайғаны себеп болуы мүмкін.
«Назарбаев университеті ақылы негізде оқуға түсу үшін талаптарды айтарлықтай төмендеткенін жариялады. Бұл жаңалық білім сапасына қалай әсер етеді? Университет неге осындай қадамға барды? Менің ойымша, мәселенің түп-тамыры Назарбаев Университетінің бюджеттен қаржыландыруының күрт қысқаруында жатыр. Инфрақұрылымды ұстап тұру, оқытушылардың еңбекақысы — мұның бәрі үлкен ресурстарды талап етеді. Өкінішке қарай, қаражат тапшылығын өтеу үшін университет талаптарды төмендетіп, ақылы негізде оқитын студенттер санын көбейтуге мәжбүр болып отыр», - деп жазды депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, депутаттар жаңа Бюджет кодексіне университеттің қайдан ақша алып және оны қайда жұмсап жатқанын ашық тексеретін нормаларды енгізген.
«Қоғамда осыған қатысты көп сұрақ болды. Енді оқу құнының есептеу әдістемесін нақты әзірлеп, жоғары оқу орнына жеткілікті және лайықты қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет. Университет сапасының және оның позициясының төмендеуіне жол беруге болмайды. Кім не десе де, Қазақстанға бұл университет сөзсіз қажет деп санаймын», - деген ойын аяқтаған Аймағамбетов.