$ 530.24  543.97  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.12.2024, 02:00
Қоғам

Ақтөбеде жасөспірімді ұрып өлтіріп алған студенттерге қатысты сот үкімі шықты

Сотталушылар өз кінәларын мойындамады

Ақтөбеде жасөспірімді ұрып өлтіріп алған студенттерге қатысты сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық ісін қарады. Кәмелетке толмаған жасөспірімге қасақана ауыр дене жарақатын келтіру нәтижесінде оқиға зардап шегушінің өлімімен аяқталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылдың 11 сәуірінде Қ. есімді сотталушы, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті бола тұра, еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының тәртібі мен спорттық нәтижелеріне наразылық білдіріп, олармен жиналыс ұйымдастырған. Сол күні кешкі жаттығудан кейін Қ. 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауды Ж. және басқа да жоғары сынып оқушыларына тапсырған. 

Жиналыс барысында Қ. оқушыларды бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық және физикалық қысым көрсеткен. Ж. және басқа оқушылардың көмегімен жәбірленушілерді ұрып-соғуға нұсқау берген. Осы оқиға кезінде Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге қатты соққы жасап, нәтижесінде жәбірленуші есін жоғалтып, қайтыс болды. 

Сот отырысында прокурор Қ.-ға 9 жыл, ал Ж.-ға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал қорғаушылары Қ.-ны ақтауды, ал Ж.-ның әрекетін Қылмыстық кодекстің 104-бабына (абайсызда өлтіргендік) қайта саралауды сұрады. 

«Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің, сараптамалар мен бейнежазбалардың дәлелдемелерімен расталды. Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімін шығару кезінде сотталушылардың бұрын сотталмағанын және Ж.-ның кәмелеттік жасқа толмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алды.  Сот Қ-ға қатысты азаматтық талап қоюды ішінара қанағаттандырды», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары